Қоғамдағы бірлік пен ынтымақтастықтың сақталуына айрықша мән беріп келе жатқан мемлекет елдегі ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықтың маңыздылығын өзге елдерге де дәлелдеп берді.
Жүргізілген мемлекеттік саясаттағы елдік ұстанымға сай, қазақ жерін мекен еткен барлық этностар арасында достық қатынас орнатылып, олардың ауызбіршілікте өмір сүрулеріне және әртүрлі діндер арасында өзара түсіністіктің орнауына барынша жағдай жасалған. Соның нәтижесінде, бүгінде елімізде этносаралық тату-тәтті қарым-қатынас пен қоғамдық келісімнің қазақстандық өзіндік үлгісі қалыптасқан. Бұл қазақстандық үлгінің астарында «алуан түрлілік арқылы тұтастыққа» деген халқымызды біртұтастыққа шақырушы ұстаным жатыр. Қашан да бағасы қымбат осы бір ұстанымды алдағы уақытта да ары қарай дамыту мақсатында құрылған Түркістан облысының Қоғамдық Даму Басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ Жетісай аудандық филиалы мен аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен арнайы жиын болып өтті. Басқосуға аудандағы мәдени орталықтар мен қоғамдық ұйым өкілдерімен қатар аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаты Алладин Мырзаханов қатысты.
Жиынның күн тәртібінде көпұлтты Жетісай ауданында кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың құрамын жасақтап, медиация жұмыстарын дамыту, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік саласындағы даулардың алдын алу, аудан жастарының этникалық белгісі бойынша қысым көрсетуді болдырмау және патриоттық сезімдерін ояту, Отан алдындағы әскери борышын өз еріктерімен өтеуге тарту, этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді жетік меңгерулеріне мүмкіндіктер жасау секілді бірқатар мәселелер қаралды.
Ауданда этносаралық жағдайлардың дұрыс шешілуін қамтамасыз ету, ұлтаралық жанжалдар мен қақтығыстарды болдырмау, бірлік пен ынтымақты нығайту мақсатында арнайы жұмысшы тобын құрып, елді мекендерде жастармен, ауыл ақсақалдарымен кездесулер өткізу ұсынылды. Бұл бағытта этносаралық және конфессияаралық келiсiмнiң стратегиялық бағдарламасы жүзеге асырушы болып табылатын қоғамдық келісім мекемесінің ұсынысымен ел ағалары мен арнайы мамандардан жұмысшы топтары жасақталатын болды.
«Бүгінде еліміздегі барлық этностардың өздерінің ұлттық тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға деген ұмтылысын, ынтасын байқап, еліміз барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұдайы қолдап отыр. Қазақстанда нәсiлдiк, этникалық, тiлдiк, дiни және өзге де белгiлерiне байланысты кемсітуге жол бермеy туралы нақты ұстанымда екенін айта кеткен жөн. Яғни, еліміздегі барша ұлттың баласы теңдікте өмір сүріп жатыр. Міне, соның нәтижесінде біз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізді мекен еткен барлық халықтың арасындағы этникааралық келісімді, дінаралық ауызбіршілікті сақтай алдық» деген Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков жиынды қорытындылады.
Б.НАЙМАНОВ.