Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев мырза Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, аудандағы құрылысы аяқталған және жүріп жатқан әлеуметтік нысандармен танысты. Бұдан бөлек, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бейсенбай Төребеков оған тозығы жеткен ғимараттарды көзбен көрсетіп, нысандардың қазіргі жай-күйімен таныстырды.
Облыс әкімінің орынбасары өз сапарын алдымен Мақтаарал ауылдық округінде орналасқан «Толағай» лагерінен бастады. Мұнда 200 оқушы жазғы сауықтыру қызметтерін алып жатыр. Мұнда сақтық шараларына ерекше мән берілген, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камералары орнатылған. Аудан басшылығы демалыс орнын күрделі жөндеуден өткізуге ұсыныс білдірді.
Б.Тәжібаев барған кезекті нысан – типтік үлгідегі Қ.Сәтбаев атындағы №6 мектебіндегі күрделі жөндеу құрылысы биыл маусым айында басталған. 570 орындық білім ошағын келесі жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Бейсенбай Дәулетұлы А.Пушкин атындағы №7 мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын да қадағалап, мердігерлерге жұмысшы күшін екі есе көбейту және құрылыс сапасына аса мән беруді тапсырды. Кемшіліктер кешірілмейтінін, айыппұлдар салынатынын да ескертті. Осы сапары аясында облыс әкімінің орынбасарына сондай-ақ, М.Тұрсын-заде атындағы білім ордасының да көптен бері жөндеу көрмегені баяндалып, сол мәселені шешуге көмек көрсетуін сұралды.
Осы сапар кезінде Бейсенбай Тәжібаев А.Қалыбеков ауылдық округіндегі Төрткүл елдімекенінде жаңадан салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы ойдағыдай жүріп жатқанына да көз жеткізді. Ауданда мәдениет саласында инфрақұрылымды жақсартуға жақсы көңіл бөлінгенінің куәсі болды. Атап айтқанда, соңғы жылда 2 мәдениет үйі пайдалануға берілген. Сондай-ақ, Алғабас елдімекеніндегі мәдениет үйінің күрделі жөндеу құрылысы биыл наурыз айында басталып, қазан айында аяқтау жоспарланғанымен мерзімінен бұрын тапсырылады деп күтілуде.
Облыс әкімінің орынбасары сапарының соңында ауданның белсенді азаматтарымен әлеуметтік мәселелерге қатысты ашық форматтағы жиын өткізіп, өңірдегі өзекті мәселелерді тұрғындардың өз ауыздарынан естіді.