Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында жарыс өткізілді.
Жарысқа қатысушылар негізінен шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ спорттық ойын түрлері бойынша бақ сынады.
Спорттық шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев сөз сөйлеп, жарысты ашып берді.
«Құрметті спорттық шараға жиналған көпшілік, баршаңызды тұғырлы мерекеміз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл қастерлі мерекеге осында отырған әрбіріміздің қосқан үлесіміз бар. Әрине бұл бірлігіміз бен, бірі-бірімізге деген бауырмалдығымыздың арқасы.
Бүгінгі сайыс ұлы мереке күнінде өткізілуінің өзі бірлігімзді арттырумен қатар, абыз ақсақалдарымыз бен мүмкіндігі шектеулі жандардың спортқа деген ынтасын арттыру.
Өздеріңізге мәлім, кеше ғана ауданымыз бір жылдың ішінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, 30 Әлем чемпионын шығарып, мерекеге теңдессіз қуаныш тарту етті. Сондай-ақ, Шардара ауданының 55 жылдығына ауданымыздан 56 Әлем чемпионы шығып, айтулы күнге үлкен сый жасады. Бұдан бөлек, ауданымыздан бірнеше жүздеген Азия және Қазақстан чемпиондары шығуда. Бұл ауданымыздың спорт саласындағы қыруар еңбегінің арқасы деп білемін.
Сіздер де тынбай еңбек етіп, машықтансаңыздар мүмкін емес нәрсе жоқ дер едім.Тағы да Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы құтты болсын!»- деді Б.Шомпиев.
Сонымен қатар шараға қатысушы бірқатар азаматтарда өз ыстық лебіздерін білдіріп, мерекемен құттықтады.
Ізінше зияткерлік спорт түрлерінен ойындар тартысты түрде басталып кетті.
Сайыс соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Таласов жеңімаз болған азаматтарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ, барша қатысушыларға да ынталандыру димломдары мен сый-сияпаттар үлестірілді.
Мерекелік шараға риза болған ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар алғыстарын жаудырды.
АРДАГЕРЛЕР МЕН МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАР АРАСЫНДА ЖАРЫС ӨТТІ