Жиын-терім науқанын қорытындылау мақсатында Мақтаарал ауданында дәстүрлі «Алтын күз – 2021» мерекелік іс-шарасы өтті.
  Іс-шарада сөзге шыққан аудан әкімі Бақыт Асанов аудан тұрғындары мен шаруаларды күзгі жиын-терім науқанының сәтті аяқтағанымен құттықтап, үздік нәтиже көрсеткен округтер мен үздік шаруаларды және ауыл шаруашылығы саласының дамуына атсалысып жүрген барша азаматтарды арнайы мараппаттады.
«Мемлекет басшысының Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асырып, еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін өсіру қажеттілігі айтылған. Бұл мақсатқа халықтың ынтымағы және шаруаларымыздың қажырлы қызметінің арқасында жетудеміз. Сіздермен алтын күз мерекесі аясында кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Әсіресе, бұл мереке ала жаздай еккен егінін жинап алған диқандарымыз бен шаруаларымыз үшін айрықша деп ойлаймын. Осынау қуанышты күні Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елімізге тыныштық тілеймін. Алтын күз мерекесі құтты болсын!» – деді Бақыт Насырханұлы.
  Мерекелік кеште агроөнеркәсіп кешенінің даму көрсеткіштері бойынша І орынды Мақтаарал ауылдық округі, ІІ орынды Жамбыл ауылдық оругі, ІІІ орынды алған Ж.Нұрлыбаев ауылдық округтері марапатталды. Сонымен қатар, Иіржар ауылдық округі озат мақта өндіруші, А.Қалыбеков ауылдық округі озат бақша өндіруші, Жаңажол ауылдық округі озат көкөніс өндіруші, Достық ауылдық округі озат мал азығын өндіруші, Бірлік ауылдық округі озат құс шаруашылығын дамытушы, Еңбекші ауылдық округі озат дәнді дақылдар өндіруші атанып, округтердің әкімдеріне аудан әкімінің арнайы марапаттары табысталды.
Жалпы ауданда 10 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 61 миллиард теңгеге жетіп, Мақтаарал ауданы өнім көлемін ұлғайтудан облыста Сайрам ауданынан кейін екінші орынға жайғасты.
  Биыл Мақтаарал ауданының диқандары 60,9 мың гектар жерге егін екті. Қазіргі таңда мақта терім науқаны толық аяқталып, мақта зауыттары мен қабылдау бекеттері барлығы 92,8 мың тонна ақ алтынды қамбаға толтырды. Сонымен қатар, бақшадан 409,2 мың тонна, көкөністен 20,7 мың тонна өнім жиналған.
                                                                                                                  (с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
АЛТЫН КҮЗ – 2021: МАҚТААРАЛДЫҚТАР КҮЗГІ ЖИЫН-ТЕРІМ НАУҚАНЫН ҮЛКЕН ЖЕТІСТІКТЕРМЕН АЯҚТАДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған