Мақтаарал ауданы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының ұйымдастыруымен «Түнгі қаладағы балалар» профилактикалық рейдтік іс-шарасы өтті.
 Балалардың құқықтарын бұзу, түнгі мезгілде балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуын, балалардың еңбегін пайдалануды анықтау және алдын алу – шараның негізгі мақсаты.
 Рейд барысында алкогольдік сусындар, наркотикалық заттар, психотроптық және өзге де қатты әсер етуші заттарды тұтынатын, компьютерлік клубтарда, ұтыс беруді көздейтін құмар ойынханаларда беймезгіл жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау және алдын алу бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
  «Түнделетіп көше кезіп жүргендердің ата-анасына алдымен ескерту жасалады. Егер құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал ата-анасы ауылдық жерде немесе басқа қалада болса, кәмелетке толмаған баласын қараусыз қалдырмай, сенімхат арқылы үлкендерге тапсырып кетуі керек. Сенімхаты жоқ туысқандар бала үшін жауап беруге дәрменсіз. Жалпы осы уақытқа дейін өткізіліп келген рейдтерде көптеген ата-аналар бала тәрбиесіне салғырттық танытқанын байқадым. Кәмелеттік жасқа толмай жатып түнгі мезгілде көше кезіп, қаңғыбастылыққа салынған баласы үшін ең алдымен ата-анасы жауапты болатынын ұмытпаңыздар» – деді комиссия хатшысы Мұрат Күнтуұлы.
  Айта кетейік, рейд жұмыстарының қорытындысы бойынша 5 ата-ана бала тәрбиесінде өз міндеттерін атқармағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 115 ата-анаға ескерту берілді. Мақтаарал ауданының полиция бөліміне кәмелеттік жасқа толмаған 62 жасөспірім жеткізілген.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
МАҚТААРАЛДА ТҮНДЕ КӨШЕ КЕЗЕТІН КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАН БАЛАЛАРҒА РЕЙДТІК ІС-ШАРАЛАР ӨТТІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған