• «Ұстаз мерейі – ел мерейі»
    • ДЕПУТАТ ҺӘМ ҰСТАЗ
    • Әке жолын қуған ұлағатты ұстаз Гүлжан Көбейқызы жайлы сыр

    Қай заманда болмасын ұстаздың орны биік. Көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі қоғамдағы басты міндеттердің бірі десек, осы жауапкершілігі мол салада ұстаздардың алатын орны ерекше. Сондықтан да ата-бабаларымыз «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» деп бекер айтпаса керек. Өскелең ұрпақ бойына жақсы қасиеттерді дарыту жолында ұстаздарға жүктелген міндеп те, артылған сенім де көп. Соңғы екі жылдың ішінде еліміздегі карантиндік жағдайларға байланысты онлайн форматта балалары білім алып жатқан әрбір ата-ана ұстаз еңбегінің қаншалықты қиын да жауапты екенін сезінсе керек.

Ұстаздар жасөспірімдерді қателіктерге бой алдырмай, жаман мен жақсыны айыра білуге үйрете отырып,  келешекте парасатты азамат етіп қалыптастыруына негіз болады. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай хәкім айтпақшы, оқушының әрбір жетістігінің артында ұстаздың ерен еңбегі тұр. Міне, осындай ұстаздардың бірі талай шәкірт тәрбиелеп, тынымсыз еңбектің пен ізденудің арқасында жылдар бойы көптеген жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқан аяулы жан Шардара қаласындағы Б.Соқпақбаев атындағы жалпы орта мектебінің директоры Ганиева Гүлжан Көбейқызы.

Гүлжан Көбейқызы Жетісай ауданындағы Қызылқұм ауылдық округінің 1 мамыр ауылында дүниеге келген. Әкесі Көбей саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеу ісіне арнаған ардагер ұстаз болатын. Ұстаздықтың ұлы жолын таңдап, шәкірт тәрбиелеу ісінде өз биігіне қол жеткізген ардақты әкесінен үлгі алған Гүлжан Ғаниева мамандық таңдауда ұстаздық жолын алға қойды. Міне, содан бері, яғни, 1988 жылдан бері шәкірт тәрбиелеу жолында сапалы білім мен саналы тәрбие беруде жемісті еңбек етіп келеді. Әке мен ананың ғибратты ғұмырынан тәлім, өнеге алып, ауыл тәрбиесімен сусындап өскен Гүлжан Көбейқызы білімі мен біліктілігінің арқасында мектеп ұжымын ұйымшылдыққа жетелеп, талапшыл, білікті басшы өзінен кейінгі өскелең ұрпаққа тек тәрбие мен білім беріп қоймай, олардың өмірде тура жол табуына ықпал етуді парызым деп санайды.

Кез келген еңбек нәтижесімен өлшенері сөзсіз. Білім алу жолында шәкірттің нық қадам басуына ең бірінші мұғалімнің біліктілігі ықпал етеді. Міне, Гүлжан Ғаниеваның шәкірттері де бүгінде биіктерден көрініп жүр. 2013 жылдан бері басшылық жасап келе жатқан Б.Соқпақбаев атындағы жалпы орта мектебі бүгінде аудандағы ойып алар орны бар беделді мектептердің қатарында. Соның дәлелі соңғы 10 жыл ішінде «Үздік куәлікпен»- 12 оқушы, республикалық ғылыми жұмыстар бойынша 1 оқушы, облыстық ғылыми жұмыс бойынша 2 оқушы, республикалық интелектуалды сайыстардан  3 оқушы, халықаралық интернет олимпиададан 15 оқушы, облыстық ән фестивалдарында «Думан», «Ерке» триолары және республикалық, облыстық, аудандық спорт ойындарында шәкірттері жүлделі орындарды иеленіп отыр.

Гүлжан Көбейқызын әңгімеге тартқан едік.

– Еліміздің даму жолында жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде мектеп ұжымы аянбай еңбек етуде. Әлемде болып жатқан өзгерістер білім беру жүйесін қайта құру қажет екеніндігін айқын көрсетті. Олай деуімнің басты себебі, білім саласына жаңартылған білімнің енуі. Жаңартылған білім бағдарламасының  мақсаты – мектептегі еңбек тәжірибесі  мол  мұғалімдерді қатыстыра отырып, жан-жақты дамыту үшін қажетті білімдері мен дағдыларын  болашақ жасөспірімдердің бойына сіңіру болып табылады. Бұл мақсат күрделі болуымен қатар еңбек етуді талап етіп, дұрыс тәсілдер қолданған жағдайда ғана мектеп шеңберінде өзгеріс жүргізуіне ықпал ете алады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қазіргі мұғалімнің қоғамдағы орнын бағалай отырып: «Сіздер мен біздер тек болашақ буынды ғана емес, жалпы азаматтық қадір-қасиеттердің мән-маңызын түсінетін, жаны да, тәні де таза, білімді патриот азаматтар буынын тәрбиелеуге міндеттіміз» деген еді.

Ендігі кезекте білім сапасын арттыруға және мұғалімдердің кәсіби дамуына ықпал ету мақсатында  «Ғасыр үні» атты желілік қоғамдастық құрылған. Сол жайында қысқаша айтып өтсем деймін. Ондағы мақсат – қоғамдастық мүшелерімен сенімді қарым-қатынас құру, қоғамдастық ішінде жағымды ахуалды қалыптастыру, ережесін жасау, қоғамдастықтың шеңберін кеңейту. Нәтижесінде бірлескен зерттеу топтары қалыптасады, кәсіби даму жөніндегі бірлескен іс-шаралар жүзеге асады, мектепішілік жағымды іскерлік қарым-қатынас орнайды, бірлескен тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылады, мұғалімдер жаңа идеялармен алмасады, кәсіби біліктіліктерін үздіксіз жетілдіріп отырады, – деді ол. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген қоғамдастық ұстанымын негізге алған ол міндеттеріне де тоқталды.

Ол өз сөзінде: «Осы міндеттерді жүзеге асыра отырып, біз көптеген жетістіктерге қол жеткіземіз, яғни, мектептегі мұғалімдердің қоғамдастыққа деген сенімділігін коучингтер жүргізу арқылы дамыту, деңгейлік курсты аяқтаған мұғалімдердің меңгерген әдіс-тәсілдерін сабақ барысында жүзеге асыру арқылы оқушыларға жан-жақты, әмбебап білім беру, желілік қоғамдастық арқылы бір қалада орналасқан мектептермен әдістемелік байланыс орнату, оқушының көшбасшылық қабілетін анықтау үшін шағын зерттеу жұмысын жүргізу. Мектепішілік бақылау моделі құрылып, іске асырылды, – дейді білікті басшы.

Педагогикалық көзқарасы биік, тәжірибесі мол Гүлжан Ғаниева: «Мұғалім бойындағы қасиет Шульманның «үш көмекші» деп анықтаған – «бас – кәсіби түсінік, қол – оқытудың тәжірибелік дағдылары, жүрек – кәсіби тұтастық» туралы және Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген философиялық ойларымен үйлескен жағдайда  оқыту сапалы және табысты болары сөзсіз. «Халық пен халықты, ел мен елді теңестіретін – білім» деп жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, еліміздің жаңғырып, жаңа әлемнен лайықты орын алуы үшін әлемдік бәсекеге қабілетті білім беруге қол жеткізуіміз қажет. Ол үшін мұғалімдердің үздіксіз дамып, өзгеріске жақын болуы қажет, – дейді ол.

Мектептегі мұғалімдерге рухани демеу беріп, мұң-мұқтаждарын назардан тыс қалдырған емес. Жаны жайсаң, жүрегі таза, парасатты басшы «Нұр Отан» партиясының Шардара аудандық филианының праймериз таңдауында да алдыңғы қатардан көрініп, маслихат депутаты болып сайланды. Бұл білікті ұстаздың біз білетін бір қыры ғана. Еліне елеулі еңбегі сіңген жанның әрқашан шоқтығы биіктей беретіні сөзсіз.

Ұлжанат  ИСМАИЛОВА,

журналист.

Жетісай ауданы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған