1 наурыз – біздің ортақ тарихымыздың символы, Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігінің, құрметі мен ынтымағының күні. Бұл – Ұлы дала елінің ұлағатты өткеніне тағзым, Мәңгілік Елдің бүгініне және болашағы біртұтас елдің ертеңіне деген нық сенімі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен бекітілген Алғыс айту күні – бейбітшілік пен келісімнің президенттік саясатының жарқын көрінісіне айналды. Елбасы мен мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында ел ішінде қалыптасқан өзара түсіністік пен бір-біріне қолдау көрсету біздің еліміздің, біздің қазақстандық үлкен отбасының рухани қағидаты болып қалыптасты. Бүгін қазақ жерін мекен еткен миллиондаған өзге ұлт пен этнос өкілдерінің өз ұлттық ерекшеліктерін сақтап, бақытын тапқан Отанына айналған киелі қазақ жеріне, қайырымдылығы мен кеңпейілдігі, даналығы мен қонақжайлығы үшін қазақ халқына алғыс айтар күні.
   Айтулы күнде Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ұжымы аудан тұрғындарына Сая Қасымбектің «Әттең шіркін өмір-ай…» атты комедиясын ұсынды. Елдегі карантиндік режимге байланысты санитарлық талаптарды толықтай сақтай отырып қойылған спектакльді тамашалауға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, Түркістан облысының Қоғамдық Даму Басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ Жетісай аудандық филиалының басшысы Азамат Мұсырманқұлов, медицина саласының мамандары мен ауданды мекен еткен түрлі этнос өкілдері, мәдени орталық басшылары қатысты.
   «Қиын-қыстау жағдайда бір-біріне қол ұшын созып, иық тіреп көмек көрсету – дала халқы үшін жазылмаған заң. Мұндай дүниетанымның негізінде адамға деген шынайы құрмет қалыптасқан. Отанымыздың тарихы мен жинақтаған тәжірибесінен асқақ гуманизмнің, адал ниет пен шынайы ризашылықтың мыңдаған дәлелдерін көруге болады. Көптеген жылдар бойы миллиондаған тағдырлардың тоғысуы, жүздеген этностардың өзара араласуы, дәстүрлері мен өмірлік ұстанымдарының ұштасуы қайталанбас рухани және бірегей мәдениеті қалыптасқан ұлт болып ұйысып, болаттай берік бірлігі бар еңселі ел болуымызға негіз қалады. Бұл – Қазақстанның Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген барлық жетістіктерін айқындап, өзімізге тән асыл қасиеттер – патриотизм, абырой мен әділдік, құрметтеу мен ізгілік қосымша серпін алады. Бұл күні біз, ата-бабаларымызды ризашылықпен еске аламыз, ата-аналарымызға, дәрігерлерімізге, мұғалімдерімізге, зейнеткерлерге, ардагерлерге, бір-бірімізге алғыс айтып, халқымыздың қайырымдылық дәстүрлерін жалғастырамыз» деген Серік Пірімбеков көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, пандемия дендеген кездерде ерен ерлік көрсеткен ақ желеңділерге ерекше алғысын білдірді.
    «Алғыс айту – бұл ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік және өзара сенімділік пен құрмет көрсету, яғни, күрделі заманда иық тіресе кедергілерді бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде сол баяғы сенің жан дүниеңдегі аласұрып лаулап, өрт болып жатқан қиыншылығыңды бірге арқалап, алдыға жетелеп, әрдайым жаныңның жаршысы бір сөзбен айтқанда «жайылсаң жастар жастық, көсілсең көлденең көрпе» бола білген барлық жандарға шын көңіліңнен алғысы мен рахметін айтуы, жүрек жарды жылы лебізін тілге тиек етуі деп білемін.
  Алғыс айту – адамның адамға жасаған жақсылығы, көмегі, көңілі үшін ризашылық білдіруі, сондай-ақ, оның ойы мен іс-әрекетіне жасаған істеріне жоғары баға беруі. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуында әрбір күні арпалысқа толы адам жанына араша түсетін Сіздерге айтар алғысымыз шексіз! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Мереке баршаңызға құтты болсын!» деді Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы өз құттықтау сөзінде.
   Салтанатты құттықтаудан соң шынайы өмірде кездесетін жағдаяттармен өрнектелген комедияны тамашалап, қыран-топан күлкіге батқан көрермендер театр әртістеріне ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.
  Шара соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков ел денсаулығын сақтап, медицина саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген сала мамандары мен түрлі этнос өкілдерін Жетісай ауданы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ербол Жанғазиевтің атынан алғыс хаттармен марапаттап, сый-сияпаттар табыс етті.
Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
АҚ ЖЕЛЕҢДІЛЕР АЛҒЫСҚА БӨЛЕНДІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған