Наурыз – жаңару мен жасампаздықтың, татулық пен берекенің мерекесі. Ұлыстың ұлы күні халқымыздың салт-дәстүрі дәріптеліп, ұлттық құндылықтарымыз ұлықталады. Осы орайда «Балдаурен» тобының бүлдіршіндері де әз Наурызды ерекше қуанышпен қарсы алды.

Тәрбиеші Акаева Шарбат Тайжановнаның ұйымдастыруымен өткен мерекелік іс-шараның басты мақсаты – балаларға Наурыз мейрамының мән-мағынасын түсіндіру, ұлттық салт-дәстүрлерімізді таныстыру және бүлдіршіндердің бойына халқымыздың мәдени мұрасына деген құрметті қалыптастыру.

Мерекелік шара барысында бүлдіршіндер Наурыз туралы тақпақтар айтып, ән шырқап, би билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар балаларға қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы мағлұматтар беріліп, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, бірлік пен татулықты бағалау сынды ізгі қасиеттердің маңызы түсіндірілді.
Балалардың ұлттық киім киіп, көтеріңкі көңіл күймен қатысуы мерекенің сәнін келтірді. Әрбір өнер көрсеткен бүлдіршіннің жүзінен қуаныш пен шаттықтың лебі сезіліп, мерекелік орта ерекше жылылыққа бөленді.
Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбие сіңіріліп, туған халқының тарихы мен дәстүріне деген сүйіспеншілігі арта түседі. Өйткені салт-дәстүрін құрметтеген ұрпақ – елінің ертеңін бағалайтын ұрпақ.
Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа шаттық, молшылық пен береке әкелсін! Ақ мол болсын, Ұлыс оң болсын! Әз Наурыз құтты болсын!
Акаева Шарбат Тайжановна,
«Гаухар-Раяна» балабақшасының тәрбиешісі.
