Конституция – мемлекеттілігіміздің мызғымас тұғыры, Тәуелсіздігіміздің құқықтық кепілі. Отыз жылдан астам уақыт ішінде Ата Заңымыз қоғамның сұранысына сай жетіліп, ел дамуының берік негізіне айналды.

Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан Ұлттық Құрылтайдың маңызы ерекше. Құрылтай – билік пен халық арасындағы ашық диалог алаңы. Онда көтерілген әрбір ұсыныс, әрбір пікір Конституцияда бекітілген басты қағидат – халық билігінің көрінісі.

Биылғы Құрылтайда да Конституцияның үстемдігін нығайту, Заң мен Тәртіп қағидатын орнықтыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері басты назарда болды. Себебі, Әділетті Қазақстанды құру – ең алдымен Ата Заңды құрметтеуден басталады.

Бүгінде Конституцияға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде елімізде саяси жүйе жаңғырып, Парламенттің рөлі күшейді, Конституциялық Сот қайта құрылды, адам құқықтарын қорғау тетіктері жетілдірілді. Бұл – Құрылтайда айтылған халық үнінің, қоғамдық сұраныстың заң жүзінде көрініс табуы.

Мектеп мұғалімі, тарихшы ретінде айтарым – Конституцияны құрметтеу мектеп қабырғасынан басталады. Біз, ұстаздар, оқушының бойына Заңға деген құрметті, Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіру арқылы Әділетті Қазақстанның негізін қалаймыз.

Ұлттық Құрылтайда көтерілген «Заң мен Тәртіп», «Адал азамат» идеялары – бүгінгі тәрбие сағаттарының, тарих сабақтарының өзегіне айналуы тиіс. Себебі Ата Заңды жатқа білетін емес, оның рухын жүрегімен сезінетін ұрпақ тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз.

Конституция – кешегі тарихымыздың сабағы, бүгінгі өміріміздің кепілі, ертеңгі ұрпақтың бағдары. Оны жас ұрпақтың санасына сіңіру – әрбір педагогтың абыройлы борышы.

Кичкенбаева Аманкүл Тынчигановна,

Жамбыл облысы, Қордай ауданы,

Қордай ауылы, Қаныш Сәтпаев атындағы

жалпы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі.

АТА ЗАҢ – ЕЛДІК ПЕН ҚҰРЫЛТАЙ БІРЛІГІНІҢ ТІРЕГІ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *