Қазіргі білім беру жүйесінің басты мақсаты – оқушыға тек теориялық білім беріп қана қоймай, оны өмірмен байланыстыра отырып, ізденуге, зерттеуге және өз ойын еркін жеткізе білуге баулу. Осы мақсатта Ж. Сүлейменов атындағы №70 жалпы білім беретін мектебінде 9-сынып оқушыларымен география пәнінен «Қазақстан шаруашылығының салалары. Зерттеу және зерттеушілер» тақырыбында мазмұнды әрі жаңашыл сабақ өткізілді.

Сабақ барысында оқушылар еліміздің шаруашылық салаларын жан-жақты танып, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және қызмет көрсету салаларының ел экономикасындағы маңызды орнын саралады. Түрлі заманауи әдіс-тәсілдер мен цифрлық платформаларды тиімді пайдалану арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артып, таным көкжиегі кеңейді.

Сабақтың кіріспе бөлімінде ұйымдастырылған «Адасқан әріптер» тренингі оқушылардың ойлау қабілетін дамытып, жағымды психологиялық ахуал қалыптастырды. Ал өткен тақырыпты қайталауға арналған сұрақ-жауап кезеңінде оқушылар ғылыми-техникалық революция, адам капиталы және инфрақұрылым туралы білімдерін ортаға салып, нақты мысалдар келтіре отырып жауап берді.

Жаңа сабақта «Puzzle», «Түртіп алу», «+,-,×,/», «Картамен жұмыс», «Домино» әдістері қолданылып, әр тапсырма оқушының ізденісін арттыруға бағытталды. Әсіресе, Қазақстанның ірі өнеркәсіп орындарын географиялық карта арқылы анықтау, олардың орналасу ерекшелігін талдау, шығаратын өнімдерін сипаттау – оқушылардың зерттеушілік дағдысын қалыптастыруға зор ықпал етті.

Сабақ мазмұнында ұлттық құндылықтарға да ерекше мән берілді. «Саналы да ерікті еңбек қана адамды бақытқа кенелтеді» деген дәйексөз негізінде еңбекқорлық, кәсіби біліктілік, отансүйгіштік сынды қасиеттер кеңінен насихатталды. Бұл оқушылардың болашақ мамандық таңдауда саналы шешім қабылдауына да бағыт-бағдар береді.

Осындай сабақтар арқылы жас ұрпақтың ел экономикасына деген қызығушылығы артып, туған елдің өндірістік әлеуетін тануға мүмкіндік алады. Білім мен тәрбиені ұштастырған әрбір сабақ – болашаққа салынған берік іргетас.

Мұхымбай Раушан Өмірзаққызы,

Ж. Сүлейменов атындағы №70 жалпы білім беретін мектептің

география пәнінің мұғалімі.

ЕҢБЕК ПЕН БІЛІМ ҰШТАСҚАН ТАНЫМДЫ САБАҚ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған