Бүгінгі білім беру үдерісінде оқушыға тек пәндік білім беріп қана қоймай, оның өмірлік дағдысын қалыптастыру, салауатты өмір салтын ұстануға баулу – ұстаз алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта №74 жалпы орта мектебінің 8 «Ә» сыныбында «Белое чудо природы» тақырыбында тағылымы мол, мазмұны терең ашық сабақ өткізілді. Сабақтың негізгі мақсаты – оқушылардың мәтінмен жұмыс жасау дағдысын жетілдіру, әртүрлі дереккөздерден қажетті ақпаратты іріктеп алу, оның өзектілігі мен құндылығын анықтау, сондай-ақ сөйлемдегі обособленные члены предложения, оның ішінде уточняющие члены предложения тақырыбын тәжірибе жүзінде меңгерту болды.

Сабақтың алғашқы сәті ерекше психологиялық ахуал қалыптастырудан басталды. Оқушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында жағымды мотивациялық сөздер айтылып, «У меня хорошее настроение. Я успею сделать всё!» деген сенімге толы тіркестер арқылы білім алушылар сабаққа белсенді түрде жұмылдырылды. Бұл тәсіл олардың сабаққа деген қызығушылығын оятып, еркін пікір алмасуына жол ашты.

Жаңа тақырыпқа көшу барысында «Белое чудо природы» атауының мәні ашылып, оқушылар сүттің адам өміріндегі маңызы туралы ой қозғады. «Пейте, дети, молоко – будете здоровы…» деген көпшілікке таныс жолдар арқылы балалар сүт және қышқыл сүт өнімдерін атап, олардың адам ағзасына пайдасы жайлы өз көзқарастарын білдірді. Осы тұста оқушылар тағам мәдениеті мен дұрыс тамақтану қағидалары жөнінде мазмұнды пікірлер айтып, «Правильное питание – залог здоровья» атты апталық дәйексөздің мәнін тереңірек түсінді.

Сабақ барысында оқушылардың оқылым сауаттылығын арттыруға ерекше назар аударылды. «Лингвистическая миниатюра» әдісі арқылы уточняющие обстоятельства ұғымының қызметі ертегі үлгісіндегі шағын мәтін арқылы түсіндірілді. Бұл тәсіл оқушылардың теорияны құрғақ ереже ретінде емес, бейнелі түрде қабылдауына мүмкіндік берді. Сонымен қатар, жасанды интеллект көмегімен көрсетілген бейнематериал жаңа тақырыптың мазмұнын одан әрі нақтылай түсті.

Практикалық бөлімде білім алушылар сөйлемдердегі тыныс белгілерін қойып, уточняющие обособленные члены предложения түрлерін анықтап, олардың сөйлем ішіндегі қызметін саралады. Бұл тапсырмалар оқушылардың сауатты жазу, талдау жасау, ой қорыту дағдыларын дамытуға ықпал етті. Әсіресе функционалдық сауаттылыққа бағытталған жұмыстар олардың алған білімін өмірмен байланыстыра білу қабілетін арттырды.

Топтық жұмыс кезеңінде оқушылар «Правильное питание» және «Национальные напитки» тақырыптары бойынша постер әзірлеп, өз жобаларын қорғады. Бұл тапсырма барысында олар ұлттық тағамдардың пайдасын, қазақ халқының сусын мәдениетін және дұрыс тамақтанудың денсаулыққа әсерін жан-жақты талдап көрсетті. Өз ойларын еркін жеткізіп, топпен бірлесе жұмыс жасау арқылы оқушылар шығармашылық қабілеттерін де таныта білді.

Сабақтың тағы бір мазмұнды бөлігі – сүт өнімдерінің шығу тарихына арналған мәтінмен жұмыс болды. Оқушылар сырдың пайда болуы жайлы қызықты деректермен танысып, мәтін ішінен предложения с уточняющими обособленными членами тауып, грамматикалық талдау жүргізді. Бұл тапсырма оқушылардың тілдік білімін кеңейтіп қана қоймай, тағамның тарихына деген қызығушылығын арттырды.

Сабақ соңында «Телеграмма» рефлексия әдісі арқылы оқушылар өз әсерлерін бөлісіп, бүгінгі сабақтан алған білімдері мен түйген ойларын ортаға салды. Кері байланыс барысында олардың сабақ тақырыбын терең меңгергені, белсенділік танытқаны және дұрыс тамақтану мәдениетінің маңызын жан-жақты түсінгені байқалды.

Осындай тағылымды сабақтар – жас ұрпақтың білімін шыңдап қана қоймай, олардың денсаулыққа жауапкершілікпен қарауына, пайдалы тағамды қадірлеуіне және өмірлік құндылықтарды бойына сіңіруіне жол ашады. Ақтың қадірін түсінген ұрпақ – дені сау, ойы сергек, болашағы жарқын ұрпақ.

Гульсара МЫРЗАЕВА,

№74 жалпы орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

АҚ ТАБИҒАТТЫҢ ҒАЖАБЫ – ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ БАСТАУЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған