Балабақшадағы күннің әр сәті – бала жүрегіне жылу, жан-дүниесіне білім дарытатын ерекше мүмкіндік. Бүгін «Гүлдер» тобының бүлдіршіндерімен өткізген «Жәндіктер әлемі» атты танымдық сабақ мен үшін де, балалар үшін де қызықты әрі әсерлі болды.

Сабағымызды Қазақстан Республикасының Әнұранын орындаудан бастап, шаттық шеңберінде бір-бірімізге жылы тілектер айтып, табиғатқа деген ілтипатымызды білдірдік. Қазақ халқы ежелден табиғатқа ерекше құрметпен қарағанын айтып, «Табиғат – адамның айнасы» деген даналы сөздің мәнін балаларға түсіндірдім.
Негізгі бөлімде бүлдіршіндердің назарын түрлі жәндіктердің суреттеріне аудардым. Көбелек, қоңыз, ара, құмырсқа, жұлдызқұрт сияқты жәндіктердің табиғаттағы рөлін, пайдасы мен зиянын түсіндіріп, олардың тіршілігіне байланысты қызықты ақпараттармен бөлістім. Жәндіктердің еңбекқорлығын қазақ халқының да еңбекке деген құрметімен байланыстырып, ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелік мән беруге тырыстым.
Балалардың қызығушылығын арттыру үшін телеэкраннан арнайы әзірленген презентация мен ЖИ арқылы жасалған бейнелерді ұсындым. Әр жәндікке қатысты сұрақтар қойып, балалардың ойлау, салыстыру қабілетін дамытуға назар аудардым:
— «Көбелек қайда ұшады?»,
— «Ара не жинайды?»,
— «Құмырсқа қандай жәндік?»
Бүлдіршіндер бар ынтасымен жауап беріп, өздерінің білетін дүниелерімен қуана бөлісті.

Сабақтың ең көңілді тұстарының бірі — «Көбелектер мен гүлдер» атты қимылды ойын болды. Балалар көбелектей ұшып, музыка тоқтағанда гүлдерге қонды. Бұл олардың қимыл-қозғалыс дағдылары мен ептілігін шыңдады.
Шығармашылық кезеңде қоңыздың суретіне жетіспейтін түймелерді жапсырып, ұқыптылық пен эстетикалық талғамдарын көрсетті. Ал қорытынды бөлімдегі «Жәндікті тап» ойынында жәндіктердің дыбысын ажыратып, өз білімдерін бекіте түсті.
Сабақ соңында әр баланы мадақтап, табиғаттағы әрбір кішкентай жәндіктің адамға да, айналаға да пайдасы бар екенін түсіндірдім. Оларды табиғатты қорғауға, қамқор болуға, еңбекқорлыққа тәрбиелеу – басты мақсатым болды.
Зарифа ЖУМАЕВА,
«Қаламқас әже» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі.
