Ұлттың рухани тұтастығын сақтайтын басты байлық – оның ұлттық құндылықтары. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі мен ділі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету әдебі – жас ұрпаққа өнеге болар баға жетпес асыл қазына. Бүгінгі жаһандану заманында осы құндылықтарды бөбек жүрегіне ерте жастан сіңіру – тәрбиешінің маңызды міндеттерінің бірі.

«Балдәурен» ортаңғы тобына тәрбиеші ретінде балалармен күнделікті жұмыс барысында ұлттық тәрбиенің әрбір элементін жүйелі түрде қолдануды басты назарда ұстаймын. Әрбір оқу қызметі, ойын, шығармашылық жұмыс, ертеңгілік жаттығу мен әңгімелесу сәті – баланың бойына ұлттық түсінік пен тәрбиені дарытудың тиімді жолдары.

Ұлттық құндылықтарды баланың жас ерекшелігіне сай қызықты әрі қол жетімді әдістермен таныстыру – тәрбиенің нәтижелі болуына ықпал етеді. Мәселен, қазақтың қара домбырасын тыңдатып, қазақ күйінің әуезін сезіндіру, ұлттық ойындарды үйрету, мақал-мәтелдер мен жұмбақтарды жаттату, үлкенді сыйлау, амандасу әдебін қалыптастыру – баланың таным көкжиегін кеңейтеді әрі ұлттық рухын көтереді. Сонымен қатар, ұлттық тағам түрлерімен таныстырып, киіз үйдің бөліктерін үйрету арқылы балалар халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен жақын танысады.

Балабақша – баланы жан-жақты дамытатын алғашқы тәрбие ошағы. Сондықтан мұнда берілетін ұлттық тәрбие неғұрлым жүйелі, мазмұнды болса, ертеңгі күні елін сүйетін, тілін құрметтейтін, дәстүрін жалғастыратын саналы азамат қалыптасады. Ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы біз балалардың бойында адамгершілік, еңбекқорлық, қамқорлық, ұлтжандылық қасиеттерін дамытамыз.

Қорытындылай келе, ұлттық құндылықтарды дәріптеу – тек мұра сақтап қалу ғана емес, болашақ ұрпақтың бойына рухани қуат дарыту. Ұлттық құндылығы мықты елдің болашағы да жарқын болмақ. Сол себепті балабақшадағы әрбір тәрбиеші ұлт руханиятының сақшысы ретінде жас буынның жүрегіне ұлттық тәрбиенің дәнін себуді жалғастыра бермек.

Еліміздің болашағы – бүгінгі балабақша тәрбиеленушілері. Сондықтан біз ұлттық құндылықтарды өнеге етіп, ұлттық тәрбиені ұлықтай отырып, рухы биік, саналы, мәдениетті ұрпақ өсіруге аянбай қызмет етеміз.

Сыздықова Сапаркүл Оразалықызы,

ЖШС «Балтабай – Ұлман» бөбекжай- балабақшасының  

«Балдәурен» ортаңғы топ тәрбиешісі .

«ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ АЛТЫН АРҚАУЫ»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған