Әр қыз баланың жүрегінде ерекше бір алау бар. Ол – нәзіктік пен қайсарлық, жауапкершілік пен міндеттердің үйлесімі. Қыз бала – қоғамның айнасы. Олардың көзінен өткен күннің тарихын да, болашақ өмірдің үмітін де көре аламыз. Бірақ басты сұрақ туындайды: қыз бала болу – күш пе, әлде сынақ па?

Кейбірі қыз баласын нәзіктігіне қарай гүлге теңейді, ал бірі әлсіз дейді. Шындығында, қыз бала нәзік гүл сияқты да, мықты тамыр сияқты да болуы мүмкін. Оның бойында нәзіктіктің ішінде жасырынған үлкен қайсарлық бар. Әр қыз баланың көзінде жай ғана жас емес – айтылмаған ойлар мен орындалмаған армандар жатыр.

Қоғамда қыз балаға қойылатын талаптар көп: “Ұят болады”, “Бұл қызға тән емес”, “Өзіңді ұста” деген сияқты сөздер қаншама арманның, қаншама жарқырауы керек жұлдыздардың жарығын өшірді. Бірі отбасы үшін таңдаса, бірі өз болашағы үшін таңдайды. Бірақ бұл таңдау шынымен де өзіне тиесілі ме, әлде қоғам жазған сценарий ме?

Қыз бала болу – нәзіктікті сезіне білу, жүрекпен тыңдап, ақылмен шешім қабылдай білу. Өзінің қамқорлығымен басқаның қайғысын сезіне алу. Бұл қасиеттер оларды әлсіз етпейді, керісінше, жанының кеңдігін көрсетеді. Нәзіктік – әлсіздік емес, бұл сезіне және түсіне білу қабілеті. Қыз бала қиындыққа қарамастан күле алатын, қайсар және әдемі жан.

Әрине, қыз бала үшін сынақ бар. Қоғам пікірі, отбасының үміті, өз бойындағы күмән – бұның бәрі олардың өмірін қиындатуы мүмкін. Бірақ осы сынақтар қыз баласын өмірге нық қылып, жеке тұлға ретінде қалыптастырады. Ондай қыздар өз бетімен дұрыс шешім қабылдай алады.

Қыз бала болу – күш. Себебі олар ана бола алады. Жоқ, тек биологиялық тұрғыдан ғана емес, достары үшін, бауырлары үшін, тіпті қоршаған ортаға мейірім сыйлай алатын жан бола алады. Ана болу – ерекше миссия, оның орнын ешкім баса алмайды. Қыз бала – әлемге жаңа өмір сыйлай алатын жан. Олар – өнер, үздік туынды, терең мағыналы поэзия.

Қыз бала болу – сынақ та. Өйткені кейде олардың құндылығын дәлелдеуге немесе қоршағандардың күмәнін жеңуге тура келеді. “Бұл қызға келмейді” деген стереотиптер әлі де бар. Бірақ қыз баласы бұл сынақтардан өтіп, жанып шыққан оттай болады. Ол айналасына жылу мен жарық сыйлай алады.

Сонда қыз бала болу тек сынақ па, әлде күш пе? Шындық – екеуінің тоғысқан жерінде. Қыз бала – өз тағдырын өзі жазатын жазушы. Кім не десе де, ол бір күні өз өмірін өз қалауымен жасайды. Сол кезде нәзіктігі – күшке, сынағы – тарихқа айналады.

Айдосова Мадина Сүндетқызы,

Түркістан облысы, Шардара қаласы,

 №12 жалпы білім беретін мектептің

11 “ә” сынып оқушысы.

НӘЗІКТІК ПЕН ҚАЙСАРЛЫҚ – ҚЫЗБАЛАНЫҢ ӘЛЕМІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған