Педагог ол – ұлы мамандық иесі. Ұлағатты ұстаздардың еңбегі мәңгі есте сақталады. Жас ұрпақты білімге шақырып, тәрбиелеп өсірген мұғалімдердің еңбегі ешқашан өшпейді. Алайда, мұғалім заман дамыған сайын тек шәкірттің қабілетіне қарай талап қоймайды, ендігі жерде өзінің де әдістемелік әлемін өзгертуіне тура келеді.

Қазіргі педагог – ол кәсіби маман. Педагогтың кәсіби шеберлігі оның кәсіби қажеттілігімен анықталады. Қазіргі педагогтың айрықша ерекшеліктері – оның үнемі өзін-өзі жетілдіруі, өзін-өзі сынауы,эрудициясы және жоғары жұмыс мәдениеті.Өзін-өзі тәрбиелеу қажеттілігінсіз мұғалімнің кәсіби өсуі мүмкін емес. Қазіргі педагог қол жеткізген нәрсеге ешқашан қанағаттанбауы керек. Бұл өте маңызды! Сондай-ақ алға ұмтылу да өте маңызды, өйткені педагогтың жұмысы – шексіз шығармашылықтың көзі. «Жаңа Қазақстан педагогі қандай болуы керек?» яғни ХХІ ғасыр білім мен ғылымның ғасыры деген күннің өзінде адам баласы бір саланың ғана маманы болып қалмау керек, мұғалім жан-жақты болуы керек.
Жаңа Қазақстан педагогі кез келген проблеманы өзіне қабылдай отырып, тәуекелге баруға дайын болу керек. Оның бойындағы осынау қасиеті өзгелерге үлгі бола алады.Педагог ұғымының өзі өзгеге үлгі болуға үйретеді. Педагог тек білім беріп қана қоймай, алдында отырған әр шәкірттің психологиясын зерттей білуі керек.Өйткені,әркімнің қабілеті әртүрлі болады.Заманауи педагог–ең алдымен шәкіртінің жақсы досы, әрқашан түсініп, қолдайтын қамқоршысы болуы керек деп ойлаймын.
Қазіргі мұғалім балалармен ортақ тіл тауып, оларды түсінуі керек. Оларды өз пікірімен бөлісуге мәжбүрлемеңіз, керісінше, оларды жақсы идеяларға және басқа көзқарастарға ынталандырыңыз, сонда баланың қабілетін аша аласыз. «Егер болашақтың өзгеруін қаласаң, өзің қазіргі сәттің өзгерісі бол!», – деп Ганди айтқандай, ағысы күшті қоғамның талабына сай болу – әр ұстаздың міндеті. Қазір жаңа көзқарастағы, жаңа компьютерлік технологияларға ұмтылатын,сыни тұрғыдан ойлайтын жаңа ұрпақтың балалары өсіп келеді. Қазіргі таңдағы педагогтың басты құндылығы – заманауи техниканы игеру, оны оқу процесінде қолдана білуі маңызды. Бүгінгі күні педагогтар өз біліктіліктерін үш жылда бір рет арттыру керек екені айтылуда. Бұл, әрине құптарлық бастама, дегенмен педагог білімнің биік шыңын бағындырғысы келсе,өз білім деңгейін күнделікті арттыру қажет деп есептеймін.Мұғалім өзінің білімін үздіксіз дамытып, жетілдіріп отырғанда ғана сыйлы ұстаз бола алады. «Оқуды, ізденуді тоқтатысымен, оның мұғалімдігі жойылады» -деп ғұлама Константин Ушинский бекер айтпаған, педагогтар өздеріне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауы тиіс. Ол үнемі іздену, даму, кәсіби өсу, біліктілігін арттыру – мамандардың кезек күттірмейтін міндеттерінің бірі екенін білуі тиіс. Сонымен қатар Жаңа Қазақстандағы педагог заманауи білім саласындағы барлық өзгерістерге бейім және дайын болу керек. Ақпараттар ағымының толассыз өзгеруіне байланысты, сол ақпарат легімен уақытылы танысып, заман ағымына ілесіп отыру керек. Бір орнында отырып қалу – бүгінгі өзгермелі заман педагогіне тән қасиет емес. Педагогтың биігі ойлана қарасаң биіктей береді, үңіле қарасаң тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай» – деп Сократ айтқандай, мұғалім – үлкен білімнің, мәдениеттіліктің, жаңашылдықтың нышаны.
Мұғалім рухани құндылыққа бай болу керек. Ол сол елдің ұлттық болмысы мен табиғатын бала бойына терең сіңіруге, отансүйгіштікке тәрбиелеуге таптырмас құрал. Педагогтың жан дүниесі рухани тәлімге толы болса,шәкіртке құйған біліміде далаға кетпейді. Қай кездеде педагог білімімен,болмыс- бітімімен үлгі және осы киелі ұғымға кір келтірмеуге тиіс. Киелі деп айтуға толық құқылымыз, себебі, қай ел, қай заманда болмасын, білімді адамға және сол білімді өзгелердің бойына егуші адамға құрмет көрсеткен. Мемлекет тарапынан педагогтарға жасалынып жатқан жағдайдың ауқымы да орасан зор. Бүгінгі таңда өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесі педагогика ғылымы мен озат тәжірибелердің басты бағыты болары даусыз.
Қорытындылай келе, қазіргі педагог – бұл ең алдымен, шебер педагог. Ол өзінің мамандығының басты міндетін жақсы атқарады.Шын мәнінде педагог үлкен күшке ие.Қазіргі қоғамда балалар білімнен бұрын,тәлім-тәрбиені қажет етеді. Ол–баламен қатар жүретін,бірақ қажет болған жағдайда жетекшілік ететін адам. Әлем туралы, қарым-қатынас туралы, түрлі құбылыстар туралы ойларын кеңейтетін, жаңа көкжиектерді ашатын адам. Баланы құрметтейтін және оған өзімен теңдей қарайтын адам.
Бексеитова Зулфия Кожабековна,
№64 «Мақталы» жалпы білім беретін мектеп»КММ-нің математика мұғалімі.
