2022 жылғы 16-19 наурыз аралығында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында Наурыз кездесулері ұйымдастырылды. Биылғы дәстүрлі көктемгі ғылыми жобалар байқауы қазіргі заманның ең өзекті басымдықтарының бірі – «Жасанды интеллект және мехатроника» тақырыбына арналды. Ең басты іс-шара Түркістан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өтті. Оған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова мен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қатысып, дарынды оқушылардың ғылыми жобаларын көрді.
Бұған дейін НЗМ оқушыларына жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, робототехника, инженерия, сәулет өнері, экология саласындағы танымал отандық және шетелдік спикерлер онлайн-форматта қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде вебинарлар өткізді. Олардың қатарында еуропалық футурист Герд Леонхард (Швейцария), сутекті көлік түрлері бойынша австралиялық сарапшы Брендан Норман, ресейлік «R:ED» компаниясының білім беру жобаларын дамыту бөлімінің басшысы Алиса Большакова, Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері Жанат Махатаева және басқа да беделді ғалымдар бар. 18 наурызда практикалық сабақтар топографиядағы Пифагор теоремасына, жер сілкіністерін түсіну үшін математикалық модельдеуді пайдалануға, ғарыш материалдарын жасауға және химия, биология, физика, математика мен информатика саласындағы басқа да жобаларға арналды.
Басты іс-шара Түркістан қаласындағы жаңадан ашылған Назарбаев зияткерлік мектебінде өтті.«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ қызметкерлері әзірлеген оқу және цифрлық ресурстар жәрмеңкесіне оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер, жинақтар, оқушылардың оқу жетістіктерін бағалауға арналған нұсқаулықтар қойылды. «Жүйелік-әдістемелік кешен» онлайн платформасы, 3D форматындағы «NIS LAB» виртуалды зертханасы, NIS MEET POINT ашық онлайн алаңы көрсетілді.
Зияткерлік мектептердің оқушылары «Мен сияқты жаса» тақырыбындағы STEAM жобаларын таныстырды. Олардың басым бөлігі медицина саласына жасанды интеллекті енгізуге арналған. Мысалы Тараз қаласындағы NIS-те әзірлеген COVID-19 клиникалық симптомдарды бақылау жүйесі Жамбыл облысындағы ең үздік стартап аталып, республикалық ғылыми жобалар байқауында екінші орынды жеңіп алды. Бұл жоба қазіргі уақытта Тараз қалалық көпсалалы ауруханасына қолданысқа берілді.
Сонымен қатар қатысушылар қолданыстан шыққан «Екінші өмір» техникасын пайдаланатын экологиялық зерттеулерін қорғады.
Түркістандағы іс-шара барысында оқу дрондары ұшырылып, «Алтын сақа» және «Ең сейсмотөзімді ғимарат» командалық ойындары, жас өнертапқыштар құрастырған автокөліктер жарысы ұйымдастырылды.
Наурыз кездесулерінің мәдени бағдарламасында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Арыстан баб, Отырар төбе, «Ұлы дала мұражайы» және Керуен сарайына экскурсиялар жоспарланған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
ЕЛІМІЗДІҢ ЖАС ӨНЕРТАПҚЫШ ҒАЛЫМДАРЫ ТҮРКІСТАНДА БАС ҚОСТЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған