Бүгін аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Тұғырлы Тәуелсіздігімізге 30 жыл» атты салтанатты кеш өтті.
Мерекелік шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, ардагер ұстаз, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сыныптасы, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы Төлемісова Рауза Мәтейқызы, ардагер ұстаз, ауданымыздың құрметті азаматы, республикалық оқу ісінің үздігі, «Құрмет орденінің» иегері, аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Төлешева Жамал Өтегенқызы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков және аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ақшагүл Бердалиева қатысты.
Қатысушылар алдымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған көрмені тамашалады.
Сонымен қатар мәдениет сарайы мұғалімдер мен оқушыларға лық толы болды.
Алғашқы болып сөз алған аудан басшысы:
«Құрметті қауым, Сіздерді еліміздің ең басты ұлық мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздік – бұл біздің ең қастерлі де қасиетті, баға жетпес құндылығымыз!
Біз қазір Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қарай қадам басып тұрмыз. Бұл турасында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарлардың тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, үлкен үйдің қарашаңырағын ата жұртта сақтап қалған халық» дегені белгілі. Бұл күн – бабаларымыздың сан ғасырлық арман-тілегі орындалған Ұлы Күн! Шекарамыз шегенделіп, Туымыз төрге ілініп, Әнұранымыз асқақтап, Елтаңбамыз елдігімізді көрсеткен Ұлық Күн!
Осы ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде баянды бірлігіміздің арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол ашқанымызды атап көрсеткен болатын. Бүгінгі өткізіліп отырған іс-шараның мән-маңызы ерекше. Тәуелсіздік жылдарының ішінде ойы еркін, рухы азат тұтас буын жетілді. Тәуелсіздік құрдастары қазіргі таңда орда бұзар отызға толып, Отанымыздың өсіп-өркендеуі жолында еңбек етіп келеді. Бүгінгі жастарымыз, өскелең ұрпақ білімге құштар, отаншыл, еңбекқор болып өсе берсін деген тілегімді білдіремін»- деді.
Сондай-ақ, Р.Мәтейқызы, Ж.Өтегенқызы және Т.Бердібековтар Тәуелсіздік тұрғысында өнегелі сөз сөйлеп, өз құттықтауларын білдірді.
Сонымен қатар Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың сыныптасы Рауза Мәтейқызы шараға келген оқушылармен еркін сұхбат өткізді.
Кеш барысында аудан әкімі айтулы мерекеге орай Рауза Төлемісова, Жамал Өтегенқызы және Тоқсанбай Бердібековке сый-сияпат жасады. Оған қоса, білім саласында еңбек сіңірген ауданымыздың бірқатар ұстаздары аудан басшысының Алғыс хатына ие болса, Төлемісова Рауза Мәтейқызы Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының «Құрмет грамотасымен» еңбегі еленген ұстаздарды марапаттады. Бұдан бөлек, ауданымыздың дарынды оқушылары Шардара ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Мадақтамасымен» марапатталып, оларға «Елбасы сыныптастары» атты кітап табыс етілді.
Салтанатты кеш әсем ән шашуға жалғасып, өнерлі оқушылар мереке көркін қыздырды.
(с) Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі
ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ САЛТАНАТТЫ КЕШ ӨТТІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған