Мақтааралда ауданының әкімі Бақыт Асановтың бекітуімен Ұлттық халық санағын жүргізуге жәрдемдесетін аудандық комиссия құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілген. Жалпы 2 кезеңнен тұратын халық санағының бірінше кезеңі бойынша тұрғын және тұрғын емес үйлерді түгендеу жұмыстары жүргізілген. Бұл туралы бүгін ауданның статистика басқармасының басшысы Руслан Айдаров БАҚ өкілдеріне арнап өткізген брифингте хабарлады.
   «Бірінші кезең бойынша 9 нұсқаушы, 3 бақылаушы, 20 сұхбатшы жұмыс жасады. Ал, ІІ кезең бойынша 23 нұсқаушы, 163 сұхбатшы жұмысқа қабылданып, 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында санитарлық талаптарды сақтай отырып санақ жұмыстарын жүргізетін болады» – деді, Р.Айдаров.
Басқарма басшысы ұлттық халық санағы цирфлық форматта өтетінін де атап өтті. Яғни, азаматтар өздерінің орналасқан жеріне қарамастан онлайн арқылы өздері және отбасы мүшелері сауалнамаларды толтыру арқылы санақтан өте алады. Ұлттық халық санағының ресми интернет ресурсы sanaq.gov.kz порталында елдімекендер, көше атаулары, үй және пәтер нөмірлері тікелей тұрғын үй қорының статистикалық тіркелімінің деректерінен құралатын болғандықтан, қазіргі таңда осы деректерді реттеу жұмыстары жүргізілуде екен.
    Руслан Айдаровтың айтуынша, мақтааралдықтарды ұлттық халық санағына белсенді қатыстыру үшін үгіт-насихат жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Атап айтқанда, бұл бағытта ауданда билбордтар мен баннерлер ілініп, тұрғындарға үнпарақшалар таратылуда.
Айта кетейік, брифинг барысында журналистер тарапынан спикерге бірнеше сұрақтар қойылып, нақты жауаптар алынды.
МАҚТААРАЛДА ҰЛТТЫҚ ХАЛЫҚ САНАҒЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ БОЙЫНША АРНАЙЫ БРИФИНГ ӨТТІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған