МАҚТААРАЛДА ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Бүгін Мақтаарал ауданында ұстаздардың мерекесіне арналған салтанатты кеш өтті. Іс-шараға аудан әкімі Бақыт Асанов қатысып, білім саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне ыстық ықыласын жеткізіп, құрмет көрсетті.
«Білім ордасы – мектеп жас ұрпақты тәрбиелейтін киелі де қасиетті мекен. Ал, сол мектептің негізгі тірегі – білімді де, білікті ұстаз. Заман талабына сай әр баланың қабілетіне қарай дарындылығын дамыту, дүбірлі білім жарыстарында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт шығару – Сіздердің ерен еңбектеріңіздің жемісі. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше» – деді Бақыт Насырханұлы.
Қоғамның басты байлығы – адам болса, сол «адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деген дана Абайдың сөзін аудан басшысы қоштады. Сондай-ақ, тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосып келе жатқан еңбектеріне алғысын білдіріп, бір топ ұстаздарды арнайы алғыс хатымен марапаттады.
Іс-шара барысында облыстың мәслихат депутаттары Ұлжанат Жұрымбетова, Жарқынбек Қанаев, Ойрат Мамыровтар сөзге шығып, құттықтауларын арнады. Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаев, ауданның адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Мұратбек Серікбаевтар жеке дара сөз алып, ізгі тілегін арнап, белсенді еңбегімен көзге түскен ұстаздарды марапаттауды жалғастырды.
Салтанатты кеште өнерлері өрге жүзген оқушылар ән айтып, би билеп, ұстаздарға деген ақындық жырларынан шашу шашты. Қалың көрермен дарынды оқушылардың өнерлеріне қошемет көрсетті.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданындағы 56 білім беру ұяларында 4 мыңнан астам мұғалімдер жұмыс істейді.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған