Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өзінің Жетісай ауданына жасаған іс-сапарын Ш.Ділдәбеков ауылдық округіндегі аяқ киім шығаратын шағын цехтың жұмысымен танысудан бастады.

Қазіргі күні Сәкен Шораевтың басшылығындағы «Sh.S.САМҰРЫҚ» ЖШС-де 30 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс орнының қуаттылығы жылына 250 мың жұп аяқ киім болса, бүгінде тәулігіне аяқ киімнің 30-ға тарта түрінен барлығы 800 жұп аяқ киім шығарылуда екен.

Өндіріске қажетті негізгі шикізатты Қытай елінен алдыратын кәсіпкер кәсіпорынды іске қосу үшін жеке қаржысы есебінен 500 млн теңге инвестиция салғанын айтады. Бүгінде Жетісайдан шыққан аяқ киімдер жергілікті базарлармен қатар, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының сауда орындарында сатылуда екен. Екі жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орны бәсекелестікке толықтай төтеп бере алады. Себебі, өндірген өнімдерінің бағасы төмен болғанымен, сапасы жоғары. Көлемі жағынан 25 пен 45 өлшемді аяқ киімдерді тігетін өндіріс орнының басшысы алдағы уақытта кәсіпорынның ауқымын да, қуаттылығын да арттырмақ. Сол арқылы кәсіпкер жұмысшылар санын барынша көбейтіп, отандық өнімдерін брендке айналдыруды жоспарлап отыр.

 Өндіріс орнын аралаған Д.Сатыбалды мырза аудан, қалаларда шағын кәсіпкерлікті дамыту, цехтар мен өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Айта кетерлігі Түркістан облысында аудан, қалалардың 2030 жылға дейінгі даму жоспары әзірленіп, қабылдануда. Ол құжаттарда өңірлік өнім көлемін ұлғайту, өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілген. Ал облыстық деңгейде, өңірдің өркендеуіне тың серпін беретін энертегика, агроөнеркәсіптік кешен, өндіріс және қайта өңдеу, туризм салаларында маңызды 145 инвестициялық жобалар пулы дайындалды. Осы аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуды көзделген.

ЖЕТІСАЙДА ТӘУЛІГІНЕ 800 ЖҰП АЯҚ КИІМ ШЫҒАРЫЛАДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған