Аудандағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мәдениет үйлеріндегі құрылыстардың барысымен танысқан – Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Медет Қасымов мердігерлерге жұмыс сапасымен құрылыстың сапасына аса мән беруді тапсырды.
1986 жылы қолданысқа берілгенімен, содан бері жөндеу жұмыстарын көрмеген Қарақай ауылдық округіне қарасты Сәтпаев елді мекеніндегі мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары 2023 жылдың мамыр айында басталған болатын. Осы 2679,1 шаршы метр аумаққа жүргізілуі тиіс жөндеу жұмыстарының жалпы құны 691 миллион 445 мың теңгені құрайды. Жоспар бойынша келесі жылы қолданысқа берілетін осы мәдениет үйінде мәдениет үйінің қызметкерлерімен қатар ауылдық кітапхана, спорттың волейбол, футбол және шахмат, ән, күй, би үйірмелері жұмыс істейтін болады. Жөндеуге жауапты «Намыс» ЖШС өкілдері кестеге сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстарға отандық өнімдердің қолданылып жатқанын, жалпы 23 адамның жұмылдырылғанын айтады.
Аудан басшысы Серік Мамытов сонымен қатар, Жаңа ауыл ауылдық округі, Мырзашөл елді мекеніндегі мәдениет үйінде де болды. Соңғы 10 жылда қолданыстан шығып қалған мәдениет ошағына облыстық қазынадан қаралған 236 миллион 223 мың теңгеге 732,4 шаршы метр аумақта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 45 жылдан бері алғаш рет жүргізілген жөндеу жұмыстары келесі жылы аяқталып, қолданысқа тапсырылады деп жоспарлануда.
С.Мамытов пен М.Қасымов мердігер мекеме «РемСтрой» ЖШС өкілдерімен кездесу барысында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру мен спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиевке жұмыстың сапасы мен жүргізілу кестесін қатаң бақылауды тапсырды.
Жалпы алғанда бүгінгі таңда Жетісай ауданында тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетіп келе жатқан 11 мәдениет үйінің 1-і аудандық, 7-і ауылдық мәдениет үйлері болса, 3-і ауылдық мәдениет клубтары болып табылады.
ЖЕТІСАЙДА МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТІП ЖАТЫР