Елімізде қабылданған «Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу» бағыты шеңберінде, Жетісай қаласында – Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары өкілдерінің қатысуымен «Қоныс аудару» жәрмеңкесі болып өтті. Осы аталмыш іс-шараға 250-ге жуық жергілікті тұрғын қатысып, өздеріне қажетті мәліметтерден құлағдар болды.
Мемлекетіміздің халқы тығыз орналасқан және де жұмысшы күші көп аймақ саналатын Түркістан облысынан, жұмыс күші жетпейтін Солтүстік өңірлерге 2015 жылдан бері 3689 отбасының 14 126 мүшесі қоныс аударған болатын. Бұл көрсеткіш республикамыз бойынша барлық қоныс аударушылардың 33 пайызын құрайды.
Аудандық «Мансап» орталығының ұйымдастыруымен Жетісай қаласында өткен «Қоныс аудару» жәрмеңкесіне – аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров қатысты. Жәрмеңке барысында Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан келген делегация мүшелері өңірлердің жай-күйімен, жергілікті азаматтардың тыныс-тіршілігімен, өңірдің перспективасымен таныстырды. Делегация мүшелері қоныс аударуға ниетті азаматтармен тілдесіп, мемлекет Солтүстік облыстарға қоныс аударған азаматтардың отбасы мүшелеріне бір рет 70 АЕК (258 440 теңге) мөлшерінде ақша, алғашқы уақытта үй жалдауға қаржы берілетінін, сонымен қатар қысқа уақытқа кәсіби оқуға жіберіп, жұмысқа тұрғызу, жеңілдікпен баспана алуға көмектесуді міндетіне алатынын түсіндірді.
Еліміз үшін маңызы ерекше мұндай жәрмеңкелер Жетісай ауданынан бөлек, Мақтарал, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Түлкібас, Ордабасы, Сайрам және Бәйдібек аудандарында да өткізілетін болады.
Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің биылғы жылға бөлген 7050 квотасы негізінен – Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау және Қарағанды облыстарының еншісінде.
ЖЕТІСАЙ ҚАЛАСЫНДА «ҚОНЫС АУДАРУ» ЖӘРМЕҢКЕСІ БОЛЫП ӨТТІ