Өткен жұма күні аудандық «Мақтаарал» мәдениет үйінде апта сайын өтіп жатқан аудандық өнер фестивалі аясында түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан Жаңа жол ауылдық округінің өнерпаздары өз өнерлерін көпшілікке паш етті. Бұл іс-шараны осы ауылдық округтің әкімі Марат Тұранов, ауылдық округтің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әбді Мұғалбеков және әжелер алқасының төрайымы Гүлжан Қамбарбековалар ашып беріп, өнерпаздарға сәттілік тіледі.
Өнер фестивалі аясында округ жастары арқан тарту мен кір тасын көтеру сайыстарында күш сынасты. Сондай-ақ ауылдың шебер қолөнершілері өз туындыларын көрермен назарына ұсынып, бесаспап өнер иесі екендіктерін көрсетті. Ал мәдениет үйінің сахнасында Наз Базарбай патриоттық «Отан» әнін, Жеңіс Әшірбеков пен Арайлым Дүйсенова «Жаным әке» әнін, Рим Ақжайық халық әні «Самалтау» мен «Әдемі қызды» сазды әуенмен тамылжыта шырқады. Фирдоуси атындағы орта мектептің ұстазы Кенжеғұл Жанат «Мен сүйсем, сүйемін», Қ.Аманжолов атындағы орта мектептің өнерпаздары халық әндерінен папури орындады. Сондай-ақ, Жалалов Нұрдәулет «Мен қазақтың баласымын», Қосжан Мүсірепов атындағы мектептің ұстазы Байжан Саражан «Отан ана», С.Датұлы атындағы ұстазы «Әкешім, асыл анам», Фирдоуси атындағы орта мектептің оқушылары Сабина мен Кәусар Джалиловалар «Қазақстан», тәжік әні «Савзабоназ», «Нұрлы жол орта мектебінің оқушысы Құлмаханбет Жанат «Қазақстаным» әндерін талап деңгейінде сәтті орындады. «Жаңа жол» орта мектебінің «Дала сазы» ұлт-аспаптар оркестрі халық күйі «Тепеңкөкті» төгілте тартып, көрерменнің ризашылығына бөленді. С.Датұлы атындағы орта мектебінің «Баумти» бишілер тобы заманауи «Мамбо» биін, Қ.Аманжолов атындағы орта мектептің бишілері «Папилон» заманауи биін, Қосжан Мүсірепов атындағы мектептің «Ақжайық» би тобы «Қарлығаш» биін мың бұрала биледі.
Сондай-ақ, ауыл әжелері қазақтың ұлттық салт-дәстүрін еске салып, «Қымызмұрындық» дәстүрінен сахналық көрініс қойды. Фестивал көрермендеріне дәмі бал татыған қымызда ауыз тигізді.
Фестиваль Кенжеғұл Жанаттың орындауында «Атамекен» әнімен қорытындыланып, барша өнерпаздар сахнаға шығып қолдау көрсетті. Көрермен қауым жаңажолдықтардың өнеріне ду қол шапалақтап, рухани күш сыйлаған округ жастарына алғыстарын айтты.