Мақтаарал аудандық орталық кітапханасында Мырзакентте туып-өскен жерлесіміз «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», ақын-композитор, журналист-жазушы Бекжан Әшірбаевпен «Тербелер көңіл жыр болып» атты әдеби-сазды онлайн кеші болып өтті.
Әдеби-сазды басқосуды аудандық кітапхана басшысының орынбасары Жанат Зұлпыхарова ашып жүргізіп отырды. Ол Б.Әшірбаевтың Республика күні мерекесі қарсаңында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленгенін қуанышпен хабарлап, қаламгерді аудан жұртшылығы атынан құттықтады. Айта кетерлігі Бекжан Әшірбаев сонау мектеп қаырғасында жүрген кездің өзінде ақындық қабілетімен дараланып, ақындар айтысына қатысты. Мектеп бітірген соң, ару қала Алматыға аттанып, ҚазМҰУ-дың журналистика факультетінде жоғары білім алды. Бұдан соң өзі білім алған журналистика факультетінің журналистика тарихы кафедрасында оқытушы, аға оқытушы болып істеді. 2001 жылдан «Қазақ университеті» газетінің редакторы, 2008 жылдан республикалық «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, «Заң» газетінің бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарды. 2013 жылы Алматыдағы Студенттер сарайында, 2015 жылы Республика сарайында халыққа шығармашылық есеп берді. Оның телевизиялық нұсқасы «Хабар» агенттігі мен «Қазақстан» ұлттық арнасында көрсетілді. Қазақстан авторлар қоғамында 70-ке тарта әндері мен мәтіндері тіркелген. 1989 жылдан бері республикалық ақындар айтысына қатысып келеді. Қазақ еліне әнші Тоқтар Серіковтың орындауындағы «Көршінің қызы» деген әнімен жақсы танылды.
Кітапхананың тұрақты оқырманы Ақнұр Сұлтанқызы мен Сабыр Рахимов атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып берсе, мәдениет үйінің әншісі Тағаев Жәнібек «Көршінің қызы» әнін орындады. Сонымен қатар, ақынның ардақты анасы Ұлбосын Әшірбаева да осы шараға қатысып, әсерлі естеліктерімен бөлісті.
Кездесу кешінде ақынның ағасы Қаныбек мырза да өз естеліктерімен бөлісіп, Зейнеп Ханова апамыз да өзінің ізгі тілектерін білдірді. Осылайша өнер кеші шынайы әңгімелер мен шабыттандыратын сәттерге толы болды.