Бүгінгі білім беру жүйесінің басты мақсаты – сапалы білім берумен қатар, елін сүйетін, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, жауапкершілігі мол, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Себебі білім мен тәрбие – егіз ұғым. Білімді ұрпақ тәрбиелі болса ғана қоғамның болашағы жарқын болмақ.

Тәрбие жұмысы – мектеп өмірінің ажырамас бөлігі. Т. Рысқұлов атындағы №20 жалпы білім беретін мектепте оқушылардың жан-жақты дамуына, қоғамдық ортада өзін дұрыс ұстауына, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болуына бағытталған тәрбиелік іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.

Мектеп қабырғасында ұлттық тәрбиеге, отансүйгіштікке, адамгершілікке, еңбекқорлыққа, құқықтық сауаттылыққа және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше мән беріледі. Оқушылардың бойына туған жерге деген сүйіспеншілікті сіңіру мақсатында патриоттық бағыттағы кездесулер, тағылымды тәрбие сағаттары, түрлі байқаулар мен мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізіледі.

Әсіресе, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Мектептегі үйірмелер мен қоғамдық жұмыстарға оқушыларды белсенді тарту арқылы олардың шығармашылық қабілетін ашуға, өзіне деген сенімін арттыруға жағдай жасалуда.

Тәрбие – тек мектептің ғана емес, ата-ана мен қоғамның ортақ міндеті. Осы орайда ата-аналармен тығыз байланыс орнатылып, бала тәрбиесіне қатысты маңызды мәселелер бірлесіп талқыланады. Өйткені балаға берілетін тәрбиенің бастауы – отбасында. Мектеп пен ата-ана арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық қана жақсы нәтижеге жеткізеді.

Қазіргі таңда жасөспірімдерге интернет қауіпсіздігі, буллингтің алдын алу, құқық бұзушылыққа жол бермеу, зиянды әдеттерден аулақ болу сияқты мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарының да маңызы зор. Бұл бағытта мектеп ұжымы оқушылармен жүйелі жұмыстар жүргізіп, олардың қауіпсіз ортада білім алуына ерекше көңіл бөледі.

Біз үшін әр баланың бойындағы жақсы қасиетті байқап, оны дамыту – басты міндет. Себебі әр оқушының жүрегіне жол табу, оның қабілетін қолдау және дұрыс бағыт-бағдар беру – үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Ұлы ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын?» деген ұлағатты ой қалдырған. Бұл сөз бүгінгі тәрбие жұмысының мәнін де айқындап тұрғандай. Ел ертеңі – бүгінгі оқушы. Сондықтан саналы, білімді, тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет.

Бала тәрбиесіне салынған әрбір еңбек – ел болашағына жасалған инвестиция. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастыра отырып, оқушыларымыздың бойына ұлттық рух, адамгершілік қасиет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға күш сала береміз.

Алдабекова Жамила Оразалиевна,

Т. Рысқұлов атындағы №20 жалпы білім беретін мектептің

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Тәрбие – ұрпақ болашағының берік негізі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *