Ағын су тарифын ретке келтіру үшін Шардара ауданындағы 6 ауылдық округ әкімдігінің иелігіндегі ұзындығы 1372 шақырым каналды республика меншігіне өткізуді шұғыл түрде шешу керек. Шардараның кәріз жүйелерін 39%-дан екі есе арттырып, газдандыруды толық аяқтауды қажет. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайға нақты тапсырмалар жүктеді. Жаңа форматта өткен аудан әкімінің есебінде әдеттегідей ұзақ баяндама тыңдалған жоқ. Нақты мәселелер сарапталды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021 жылғы қорытындысы сараланып, шешу жолдары талқыланды. Жауапты тұлғаларға тапсырмалар берілді
Былтыр Шардара ауданында 12 млрд. теңгеден астам өнеркәсіп өнімі өндірілсе, негізгі капиталға 30 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылып, 1,5 пайызға артқан. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2021 жылы 3600 адамды қатыстыру жоспарланып, нақты 4 мыңдай адам қатыстырылған. Аудан бойынша былтыр 20 шақырымды құрайтын 35 көше орта жөндеуден өтсе, газбен, сумен қамту бағытында да жұмыстар жүріп жатыр. Жалпы 2019-2024 жылдар аралығында 17 елді мекенді газдандыру жоспарланған.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудандағы жұмыстарды оң бағалады. Алдағы межелерді сөз етті. Шардараны сапалы ауыз сумен қамту мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды. Ол үшін қаладан 34 шақырым қашықтықтағы құмның ішінде орналасқан су қоры жеткілікті «Тастанбек» жер асты суын жеткізу қолға алынбақ. Осыған байланысты былтыр Шардара ауданына жұмыс сапарында облыс әкімі аталған жобаның жоспарын әзірлеу жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Жобалық-сметалық құжатты әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен 30 млн. теңге қаржы қаралды. Су сапасы сан мәрте сынақтан өткен. Жаңа жобаны жыл соңына дейін бастап, келер жылы толық жүзеге асыру көзделген. Осы арқылы жер асты суларын жеткізу арқылы жылдар бойы созылған мәселе біржола шешіледі.
Ауданың әлеуметтік-экономикалық дамуын бағдарлаған өңір басшысы өндірісті арттыру, жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығына қолдауды күшейту, егістікті әртараптандыру және өзге де мәселелер бойынша тапсырма берді. Сонымен бірге Шардарадағы электр станциясының қуатын арзан бағада молынан пайдаланып жатқан майнингтік компанияның жұмысын қадағалап, заңға қайшы болса, жабуды тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
ШАРДАРА АУДАНЫН АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ БАҒЫТЫНДА МАҢЫЗДЫ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған