2022 жылы «Түркістан-Шымкент-Ташкент» бағытында жоғары жылдамдықты пойызға арналған халықаралық темір жолдың құрылысы басталады. Бұл ақжолтай ақпарат туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеп, аталған жобаның маңызы зор екеніне тоқталды. Облыс әкімдігінің аппарат отырысында өңір басшысы темір жолдың салынуы Түркістан өңірінің ғана емес, еліміздің дамуына оң серпін беретінін жеткізді.
– Апта басында Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев кездесіп, мемлекетаралық келісімдерге қол қойды. Сол жиындарға қатыстық. Жағымды жаңалықтар бар. Соның ішінде Түркістан облысын дамыту үшін аса маңызды «Түркістан-Шымкент-Ташкент» темір жолын салынатыны хабарланды. Екі Президент жобаны мақұлдап, Үкімет басшыларына аталған жобаны жүзеге асыру жөнінде тапсырма берді. Ол магистралдың жобалық-сметалық құжаты дайын. «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшылығының хабарлауынша, құрылыс 2022 жылдың басында басталады. Бұл темір жолдың маңызы өте зор. Біріншіден, өңірде туризм дамиды. Темір жол Түркістаннан басталып, Шымкент қаласымен қатар Ордабасы, Қазығұрт, Сарыағаш аудандарын қамтитын болады. Тағы бір қуанышты жаңалық, Нұр-Сұлтанда инвестициялық форум өтті. Сол жерде «Қасқасу» шаңғы туризм орталығын салу бойынша Жол картасына жеті жақты келісімшартқа қол қойылды. Оның ішінде Үкімет, министрліктер, шетелдік инвестор, банктер, әкімшілік бар. Бұл туристік орталық Түркістан өңірінің экономикасын көтеруге үлес қосады, – деді Ө.Шөкеев.
Сонымен бірге өңір басшысы «Дарбаза-Мақтаарал-Жизақ» темір жолының құрылысы басталатынын, ол екі елдің тауар айналымына оң ықпалын тигізетінін мәлімдеді. Сонымен бірге Түркістан облысының Өзбекстанмен шекаралас аумағында екі мемлекеттің қатысуымен «Орталық Азия» халықаралық сауда-өнеркәсіп кешені бой көтеретінін жеткізді. Үш жоба да Түркістан облысы үшін өте тиімді.
«Түркістан-Шымкент-Ташкент» жобасы жүзеге асып, жоғары жылдамдықты темір жол магистралінің құрылысы аяқталған соң туризм және өзге де салаларда мыңдаған жұмыс орыны құрылып, ішкі және сыртқы туризм де қатар дамымақ. Сондай-ақ осы жоба арқылы бауырлас екі елдің арасындағы байланыс нығайып, барыс-келіс көбейеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ө.ШӨКЕЕВ: «ЖАҢА ТЕМІР ЖОЛ ТУРИЗМ МЕН ЭКОНОМИКАНЫҢ ДАМУЫНА ОҢ СЕРПІН БЕРЕДІ»