Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСТАРЫ – МӘҢГІЛІК ЕЛ ҮШІН!» айдарымен Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлының аудандағы тәуелсіздік құрдастарымен кездесуі болып өтті. Еркін форматта өткен басқосуды аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды.
Бір жылда өмірге келіп, сан салада жемісті еңбек етіп жүрген жастарға ағалық ақыл-кеңесін айтқан аудан басшысы болашақтың иесі жастар екендігін жеткізді. Өйткені, бүгінде Жетісайдың белсенді жастары мемлекет басшысының болашаққа бек сеніммен қадам басқан әрбір бастамасын, жоспарлары мен мемлекеттік қабылданған бағдарламаларды жүзеге асыруда сенімді тірегі болып келеді.
«Жастар – еліміздің болашағы. Ел ертеңі – жастардың қолында. Баршаларыңызды алда келе жатқан Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерей тойымен шын жүректен құттықтаймын! Атқарып отырған жұмыстарыңызға шығармашылық табыстар тілеймін! Үміт пен сенімнің жүгін арқалаған жастардың ел еңсесін көтеруге өз үлестерін қосулары үшін алар білімнің сапалы болғаны аса маңызды. Жасампаз мемлекеттің қарыштап дамуына аянбай қызмет ете беретіндеріңізге сенімдімін» деді Мұрат Болатұлы.
Жиын барысында Тәуелсіздік құрдастары бүгінгі ел жастарына жасалып жатқан жағдайлар – білім мен ғылым, кәсіпкерлік, спорт пен мәдениет, әлеуметтік, IT саласымен қатар басқа да бағыттардағы мол мүмкіндіктер жайында сөз қозғап, мемлекет артқан сенімге қандай іс-әрекетпен жауап береміз деген сұрақ аясында пікір алмасты.
Мереке қарсаңындағы басқосу барысында өз ісінің кәсіби шебері атанған жастарға аудан әкімінің алғыс хаттары табысталып, сый-құрмет көрсетілді. Аудан өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Жастардың Мағжан Жұмабаев айтқанындай «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты» болу керектігін бүгінгі қоғам, қазіргі нарық және бәсеке заманы тілеп-ақ тұр. Жүректерінде жалын бар, бойларынан бұла күші тасыған ХХІ ғасырдағы қазақ жастары күнделікті өзгеріп отырған өмірге, құбылыстар мен жаңалықтарға үрке қарамай жақсыны көкейіне түйіп, өзінің рухани білімін шыңдаса ертеңгі ұрпағына айтар ақылы, ізгі өсиеті мол абыз қария болары анық.
Аудан басшысымен өткен кездесу дәл осындай елжанды жастардың жаңа толқынының қанаттанып келе жатқанын тағы бір рет дәлелдеді.
АУДАН ӘКІМІ ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ