Мырзакент кенті – «аудан орталығы» статусына ие болғалы көркейіп, жан-жақты дамып келеді. Орталықта түрлі кәсіпкерлік нысандары ашылып, халыққа қызмет көрсету сапасы жаңа деңгейге көтерілуде. Бұған дейін ауданға келетін қонақтар мен туристерді күтіп алатын заман талабына сай қонақ үй Мырзакентте болмаған еді.
  Бүгін «Назар» шаруа қожалығының төрайымы, кәсіпкер Ұлболсын Асқарованың жеке қаражаты есебінен салынған «New Viva – Мырзакент» қонақ үйі аудан қонақтары мен туристер үшін есігін айқара ашты. Жаңа қонақ үй тұтынушыларына ең ыңғайлы әрі сапалы сервистер ұсынатын болады.
«Кентімізде кәсіпкерлік нысандарының қатары күн сайын артуда. Міне, бүгін заманауи үлгіде салынған жаңа қонақ үй қызмет көрсетуді бастады. Бұл – Мырзакент кентінде шағын және орта бизнестің қарқынды дамуының бір көрінісі. Бұған дейін облыс орталығынан және басқа да өңірлерден келген қонақтарымыз қонақ үй іздеп Жетісай немесе Атакентті шарлап кететін. Енді оған мүлде себеп жоқ» – деді кент әкімі Мамыр Бейсенбаев.
Жаңа нысанның аумағы 520 шаршы метрді құрайды. Ғимарат 8 соток жердің аумағында орналасқан. Нысанда 10 стандарт санатындағы жатын бөлме, 20 адамға арналған асхана, 1 банкет залы бар. Сонымен қатар, жаңа қонақ үйдің жанында былтыр ғана пайдалануға берілген қоғамдық монша орналасқан.
Жатын бөлмелердің әрбірінде әлемдік стандарттарға сай келетін санузел, киім сақтағыш, мұздатқыш және теледидар орнатылған. Банкет залында қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін караоке қызметі мен бильярд ойнауға жағдайлар жасалған.
Қонақ үй бір уақытта 20 адамды қабылдай алады. Кешенде қоғамдық тамақтану орны орналасқан және мұнда түрлі елдің асханаларынан дәм татуға жағдайлар қарастырылған. Тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету үшін 6 адам жұмысқа қабылданған. Қонақ үйге келушілер үшін қызмет көрсету бағасы да қолжетімді болмақ.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Мақтаарал ауданында қонақ үйлердің жалпы саны 6-ға жетіп отыр. «Аграрлы аудан» болуына қарамастан Мақтаарал ауданы тұрғындарының өте қонақжай екенін көрсете алатын барлық сапалы сервистер өңірде іске қосылған.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
«NEW VIVA – МЫРЗАКЕНТ» ҚОНАҚ ҮЙІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған