8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Мақтаарал ауданында мерекелік іс-шаралар жоғары деңгейде атап өтілді.
   Ең алдымен аудан әкімі Бақыт Асанов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Қадыр Сәрсекбаев бастаған ауданның жастары Мырзакент кентінің орталық көшесінде әжелер мен аналарға, қыз-келіншектерге гүл шоқтарын таратты. Бақыт Насырханұлының шынайы ықыласы гүл алған жандардың көңілін көтеріп, көктемгі жайма шуақтың лебін сезіндірді.
 Шара барысында аудан басшысы аудандық «Мақтаарал» мәдениет үйінде бұрымдылар арасында өткізіліп жатқан «Алтын аймақ аруы» байқауына қатысып, мерекелік тілектерін айтты. Сондай-ақ, мұнда да байқауға қатысушыларға гүл шоқтары табыс етілді.
Мұнан соң 23 әртүрлі саланың үздік жастарының басын қосқан мерекелік бас қосу өтті. Шараға Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Амалбек Өміртай мен аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұловалар қатысты. Еркін форматта дидарласу, пікір алмасу түріндегі шара қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қоғамдық істерге белсене үлес қосып, түрлі салаларда жетістіктерге жеткен, игілікті бастамалардың басы-қасында жүрген түрлі ұлттардан шақырылған нәзік жандыларға сый-құрмет жасалып, мерекелік дастархан жайылды.
   Басқосу соңында кәсібі мен отбасының берекесін арттырып, оқуда үлкен жетістіктерге жетіп жүрген аруларға алғыс хаттар мен заттай сыйлықтар табыс етіліп, құрмет көрсетілді.
Аудандық адами әлеуетті дамыту басқармасының ұйымдастыруымен көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында ұстаздар қауымы да марапатталды. Салтанатты жиында аудан әкімі Бақыт Асанов білім саласының үздіктерін арнайы марапаттап, білімді ұрпақ тәрбиелеудегі істеріне табыс тіледі.
     Мерекелік шаралардың үлкені – Мырзакент кентіндегі «Мақтаарал» мәдениет үйінде өтті. Бұл салтанатты іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков қатысып, ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектерді айтулы мерекемен құттықтады. Жиында белсенділік танытып, қоғамдық жұмыстарды ерекше ынта-ықыласымен атқарып жүрген және жастарды тәрибелеуде озық үлгі көрсетіп жүрген әйелдер қауымына аудан әкімінің құттықтау хаттары табысталып, сый-сияпаттары берілді. Сондай-ақ, салтанатты жиын нәзік жандылардың көңілін көтеруге бағытталған концерттік бағдарламаға ұласты.
    Айта кетейік, кенттер мен ауылдық округ әкімдерінің ұйымдастыруымен жер-жерлерде кейуаналарымыз бен ардагер әжелерге, белсенді еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерге сый-құрмет көрсетіліп, түрлі шаралар өткізілді.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
МАҚТААРАЛДА КӨКТЕМНІҢ ШУАҚТЫ МЕРЕКЕСІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАП ӨТІЛДІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған