Ақпараттық технологияның дамуы, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы, қала берді, пандемия электронды сауда саласының дамуына айрықша әсер етті. Электронды төлем әдістерін күнделікті қолданатын біз мұны жоққа шығара алмаймыз. Дүниежүзілік Statista компаниясының болжамы бойынша, бұл даму келер жылдары да жалғаса бермек. Экономистер мен сарапшылар да электронды сауда көлемінің жыл сайын арта беретінін айтып отыр. Әлбетте, бұл дамудың пайдалы жақтары көп. Дегенмен, зияны да аз емес.

Әлем елдері арасында Америка Құрама Штаттары, Қытай, Жапония секілді мемлекеттерде электронды сауда жүйесі қарқынды дамыған. Біздің елімізде де аталған саланың даму көрсеткіші жаман емес. Сауда және интеграция министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2020 жылы еліміздегі онлайн сауда нарығының көлемі 1,1 трлн. теңгені құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 1 286,8 млрд. теңгеге жеткен. Расында, пандемияға байланысты шаралар қатаңдаған кезде өзіміз де онлайн саудаға әбден бейімделіп алдық. Өйткені, бұл дұрыс қолданып, қауіптілігін білген адам үшін қолайлы жүйе. Сондықтан Сауда және интеграция министрлігі де дәл осы саланы дамыту жоспарларын дайындап, шетінен іске асырып келеді.

Енді бұл саланың теріс тұстарына тоқталсақ. Электронды сауданың ең қауіпті жері – интернет-алаяқтық. Құқықбұзушылықтың түрлі әдіс-тәсілдерін меңгеріп алғандардың азаматтарды қалай алдап жүргенін жиі естіп жатамыз. Мысалы, кейбір алаяқтар тауарын жеткізбей, қызметін атқармай тұрып алдын ала төлем жасатады да, ізін суытады. Дәл осылай қаншама адам банк картасындағы азды-көпті қаржысынан айырылып қалып жатыр. Айта кету керек, аталған мәселені шешу мақсатында мемлекеттік порталдарда, әлеуметтік желілерде сатушыларды ерікті түрде тіркеу механизмін енгізу жоспарланып отыр. Осылайша, сатушы өзінің сәйкестендіру нөмірін әлеуметтік желі парақшасында көрсетеді, ал, тұтынушы белгілі бір мемлекеттік портал арқылы сатушы туралы ақпаратты тексеру мүмкіндігіне ие болмақ.

Енді бір алаяқтар адамдарға өздері тұтынатын банк қызметкері ретінде хабарласып, банк картасы жайлы жеке деректерге қол жеткізеді немесе несие ресімдеуге көндіреді. Соның нәтижесінде банк картасындағы ақшаны өз шотына аударып алады. Шын мәнінде қандай банк болмасын, тұтынушының жеке деректерін алмақ түгілі, сұрауға да құқығы жоқ. Осыдан келіп азаматтардың цифрлық сауаттылығы деген мәселе туындайды. Сондықтан біздің елімізде министрлік қолға алған шаралардан бөлек, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру жұмыстары да қарқын алғанынын қалар едік. Әйтпесе, интернетті әбден меңгерген алаяқтардың азаматтарды тонағаны тонаған.

Мәселен, бірер күн бұрын өңір полицейлеріне төлебилік тұрғын арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, алыстау танысы оның банк қосымшасы арқылы өзіне ақша аударып аламын деп алдап, атынан 600 мың теңге несие ресімдеген. Тағы бір азаматты белгісіз біреулер «сіз пәлен мың теңге ұттыңыз» деп алдап, банктік шотына қатысты жеке деректеріне қол жеткізген соң картасындағы бар ақшасын сыпырып алыпты. Қорыта айтқанда, тап қазір интернет-алаяқтықпен айналысатындардың сан түрлі айла-амалы бар.

Нақтырақ айтсақ, аталған құқықбұзушылық бойынша 2021 жылы – 254, ал, 2022 жылы 272 қылмыс тіркеліпті. Сөз соңында бұл проблеманың өзекті болып отырғанын және оны шешуде полицейлердің іс-шаралары ғана емес, тұрғындардың сауаттылығы да маңызды екендігін айтқымыз келеді.

С.ҚУАНЫШБЕК.

ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚ ӨРШІП ТҰР

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған