Қазақстан мақтасының отаны саналатын – Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінде күзгі жиын-терім науқанын қорытындылаған дәстүрлі «Алтын күз – 2024» салтанаттық шарасы кең көлемде аталып өтті.
Диқандарымыздың, шаруаларымыздың және кәсіпкерлеріміздің мерекесінде ауыл шаруашылығы тауарларының, кәсіпкерлеріміздің өндірген тауарларының және ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі қойылып, аудан әкімі бастаған топ көрмелерді тамашалап шықты.
Осы салтанатты іс-шарада сөзге шыққан аудан әкімі Бақыт Насырханұлы барша аудан тұрғындарын күзгі жиын-терім науқанының аяқталуымен шын жүректен құттықтады және үздік нәтиже көрсеткен шаруаларды арнайы мараппаттады. Бұдан бөлек, үздік округтер мен кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласының дамуына атсалысып жүрген азаматтарға, мекемелерге, БАҚ өкілдеріне аудан басшысының алғыс хаты мен бағалы сый-сияпаттары табыс етілді.
«Сіздерді дала еңбеккерлерінің жемісті мерекесі – «Алтын күз» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Дана халқымызда «Еңбек еткеннің еңсесі биік» деген тағылымды сөз бар. Күз маусымы – барша диқандарымыздың, шаруаларымыздың, кәсіпкерлеріміздің мерейі тасып, абыройы асқақтайтын кезең. Ауданымызда ауыл шарушылығы мен кәсіпкерлік саласы жыл сайын өсіп, өркендеп, дамып келеді. Ол үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар арқылы осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Осынау қуанышты күні Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елімізге тыныштық тілеймін. Мереке құтты болсын!» – деді, Бақыт Насырханұлы.
Аудан басшысы Бақыт Насырханұлы бүгінде елімізде мақта кластерін дамытып, оны терең өңдеуге күш салынып жатқанын, ол үшін Қытайдан, Өзбекстаннан инвесторлар тартылып жатқанын қоса жеткізді. Сонымен қатар, ағын суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару технологияларына баса мән берілетінін де атап өтті.
Жалпы алғанда Мақтарал ауданында биылғы жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 76,5 млрд.теңгеге жетті. Нәтижесінде, нақты көлем индексі 104,5 пайызды құрап, облыс көлемінде аудан 4 орынға ие болды. Сондай-ақ биылғы жылы мақтааралдық диқандар 60,6 мың гектар жерге егістік ексе, оның 33,7 мың гектары мақта дақылына тиесілі. Аудан бойынша 100 мың тоннаға жуық ақ алтын жиналды.
Тағы да бір айта кетерлігі, жақында Түркістан қаласында өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай облыстық «AGROFEST TÚRKISTAN – 2024» салтанатты шарасында Мақтаарал ауданы бақша өндіруден озат аудан атанған болатын. Биыл аудан бойынша 18 мың гектар алқапқа бақша дақылы егіліп, шаруаларымыз бақшадан 500 мың тоннаға жуық өнім жинап, экспортқа және импортқа жіберілді. Жалпы бақша дақылынан алынған өнім гектарына 275,2 центнерді құрап, рекордтық деңгейге жетті.