Ханафи мәзһабы – қазақ халқының сан ғасырлық діни тәжірибесінің негізгі желісі. Қазір де қазақ халқының 70 пайызы осы мәзһабты ұстанады. Тарихи негізге қарар болсақ Ханафи мәзһабының өзінің алар орны бөлек. Тіпті 2011 жылғы 11 қазандағы Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы № 483-IV Заңның преамбуласында ханафи бағытындағы исламның халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитыны жазылған.
Бірақ еліміздегі деструктивті діни топтар «Ханафи мәзһабын ұстанушымын» деп мешіттің ішінде дау шығарып арты бір-біріне қол көтеруге дейін баруда. Осыдан бірнеше ай бұрын Шымкент қаласында орналасқан мешітте намазда тұрып «әмин» дұғасын дауыстап айтқаны үшін екі мұсылман бір-біріне қол көтерді. Мұндай жағдай деструктивті діни ағым өкілдерімен жұмыс істеп жүрген дін мамандарына таңсық жағдай емес. Себебі үнемі Ханафи маәзһабы бойынша амал етудің әдіс тәсілдерін түсіндірумен келе жатыр. Енді негізгі мәселе Ханафи мәзһабы бойынша әмин дұғасын айтудың үкімі не? осы тақырыпты қозғап көрелік.
Әбу Һурайрадан Алла Елшісі (с.а.с.): «Егер имам «әмин» десе, «әмин» деңдер. Өйткені кімде-кімнің «әмині» періштелердің «әминіне» тура келсе, өткен күнәлары кешіріледі»,-деген. Осыған байланысты төрт мәзһаб ғұламаларының пікірі екіге бөлінген. Шафиғи мен Ханбали мәзһабы өкілдері жария айтуды қолдаса Ханафи және Мәлики ғалымдары іштей айтуды құп көреді.
«Әмин» сөзі – дұға болып саналады. Оның мағынасы дұғымызды, тілегімізді қабыл ет! дегенді білдіреді. Ал дұғаның іштен айтылуы абзал. Ағраф сүресі, 55 аятта: «Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді» делінген. Осы аяттан байқағанымыз «әмин» дұғасының іштей айтылуы дұрыс. Ханафи ғалымдары Әбу Уайлдан жеткен хадисте «Али және Абдуллаһ Бисмиллиһир рахманир рахимды да, әғузуды да, «әминді» де дауыстап айтпайтын еді» деген.
Алла Елшісінің (с.а.с.) «әминді» алғашқы кездері халықты «әмин» деп айтуға үйрету үшін жария айтуы ықтимал.
Имам Мүслим Әбу Муса әл-Ашғаридан(р.а.) риуаят еткен хадисте:«Пайғамбарымыз (с.а.с.) бізге хұтбақылып, бізге сүннет жайлы баяндады да намаз оқығанда сапқа тұрыңдар, біреулерің сендерге имам болсын, ол тәкбір айтқан кезде сендер де тәкбір айтыңдар. Қашан ол «…ғайрил мағдубиғалайһим уаладдоллин» десе, сендер әмин деңдер. Алла Тағала қабыл етеді»– деген. Бұл хадис –шариф жайында да осы тараптағылар бірінші хадистегідей айтады. Сөзді түйіндеп айтар болсақ «әминді» дауыстап айту жайында бекітілген үкім жоқ екендігін аңғарамыз.
Хафиз Әбу Бишр әд-Дауалиби келтірген риуаятта Уайл ибн Хужр әл-Хазрами (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісінің (с.а.с.) намазда болғанын көрдім. Тіпті о жағынан да, бұ жағынан да көрдім. Ол кісі: «…ғайрил мағдубиғалайһим уаладдоллин» деп қырағат қылғаннан кейін, даусын созып «Әәәмиин» деді. Мұны бізге тәлім ретінде жасаған болар деп ойлаймын». Қарсы жақ осы және осыған ұқсас хадистерде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) имам болып тұрып, «әминді» айтқандығын алға тартады. Бірақ бұл, имамның артында тұрып намаз оқып жатқан кісілерге «әминді» дауысшығарып айтсын дегенге дәлел бола алмайды, дейді. Сонымен бірге, хадисте дауысын созып айтты дейді, дауыстап айтты делінген жоқ.Әдетте имамның бірінші сапта тұрған кісілер есітетіндей дәрежеде дауыс шығаруы бірнәрсені дауыстап айту делінбейді. Себебі көп сахих риуаяттарда келуінше, Аллаһ Елшісінің(с.а.с.) бесін намазында кейбір аяттарды бірінші қатардағылар есітетіндей дәрежеде дауыс шығарып оқығаны белгілі. Бесін намазында дауыс шығарып қырағат қылынбайтындығы да баршаға аян.
Сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сөзсіз имамға ұю керек. Егер «Аллаһу әкбар», десе, сендер де солай айтыңдар. Ал, қашан Құран оқыса, (намазда) тыңдап тұрыңдар!» , – деген. Бұл хадисте «Аллаһу әкбәр» дегенде, арттағы жамағатта «Аллаһу әкбәр» деу керектігін бұйырып тұр. Дегенмен, жамағат оны жасырын айтады. Ханафи ғалымдары бұл хадистегі имамның да «әмин» дегенін негізге алып, «әминді» іштей айтуды сүннет деп білген. Себебі, «әмин» сөзін, егер имам жасырын айтатын болса, Пайғамбарымыздың имамның да «әмин» дейтінін жамағатқа білдіруінің қажеті болмас еді. Яғни, періштелер мен имамның «әмин» деуі жамағатқа естілмейтін болғандықтан Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Себебі, періштелер «әмин» дейді, имам да «әмин» дейді», деп олардың да «әмин», деп, айтатындығын білдіріп тұр.
Қ.ҚОСМАХАНОВ,
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ маманы.