Балалық шақ – адам дамуындағы аса маңызды кезең. Өйткені дәл осы кезеңде салауатты, табысты, әрі бақытты өмірдің негізі қаланады. Бүлдіршіндер – жасампаз мемлекетіміздің болашағы. Егемен еліміздің бүгінгі болашағын ұлттық құндылықтармен сусындаған, жан-жақты жетілген парасатты азаматтар тәрбилеуде.
    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялап, оның ішінде ерекше күтімді қажет ететін және қиын тұрмыстық жағдайында қалған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға ерекше назар аудару туралы жолдауы бекер емес. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен ерекше көңілді қажет ететін бүлдіршіндердің көңілін көтеру мақсатында Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Балдәурен» шағын күндіз болу КММ Жылы су ауылында орналасқан шағын орталығында «Аялайық балаларды» мерекелік іс-шарасы өтті.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Прімбеков пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов, Жылы су ауылдық округінің әкімі Ермек Дауылбаев, педагогтар мен ата-аналар, бүлдіршіндер қатысты.
«Бүлдіршіндер біздің болашағымыз. Дүниеде баланың жадыраңқы жүзі мен бақытты келбетінен артық қуаныш жоқ. Қоғамда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасай отыра, олардың күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарының шешімін табамыз. Оларға әрдайым қолдау көрсетуді тоқтатпауымыз керек. Орталыққа келіп сауығып, денсаулығы жақсарып жатқан бүлдіршіндеріміз де бар. Бала тәрбиесіне атсалысып жүрген барша мейірімді жандарға айтарым тек алғыс» – деді аудан әкімінің орынбасары Серік Қонысбекұлы.
Аудан бойынша бүгінгі таңда 6887 мүмкіндігі шектеулі азамттар бар болса, оның 1186-сы балалар. Мүмкіндігі шектеулі балаларға сауықтыру, әлеуметтік оңалту шараларын өткізуге бағытталған қажетті арнаулы әлеуметтік қызметтер кешенін ұсыну үшін Жетісай қаласында «Балдәурен» күндіз болу оңалту орталығы 2017 жылы өз жұмысын бастаған болатын. Қазірде орталық 30-дан астам бүлдіршінге қызмет көрсетуде.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Досыбайұлының айтуынша аудандағы мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарынан көптеген өтініштер түсуіне байланысты 2021 жылдың сәуір айынан бастап Жылы су ауылдық округінің орталығы Жылы су ауылынан «Балдәурен» күндіз болу оңалу орталығының жанынан шағын орталығы ашылды. Бұл орталықта 20 мүмкіндігі шектеулі балаларға күніне 4 сағатқа дейін 2 ауысымда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде. Барыс жылының сәуір айынан бастап шағын орталық толық 8 сағаттық жұмысқа көшіп, 25 мүмкіндігі шектеулі балаларға дейін қызмет көрсетуін бастады.
Бүгінде қызмет алушыларға оңалту орталығы жан-жақты көмек көрсетуге жауапты психолог, логопед, дефектолог, дене шынықтыру және музыка мұғалімдері, емдік дене шынықтыру мен емдік терапиясы жөніндегі нұсқаушылары, массаж жасау жөніндегі мейіраға мен мейірбике, тәрбиешілер қызмет көрсетеді.
Іс-шара барысында аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері әсем ән шырқап бүлдіршіндердің көңілін сейілтсе, орталықта білім алып жатқан бүлдіршіндер де өз өнерлерін ортаға салды. Орталықтың қызметкерлері ата-аналарға балалармен жұмыс үлгісін көрсетіп, жиын соңында бүлдіршіндерге сыйлық үлестірілді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
БАҚЫТТЫ БАЛА – БАҚЫТТЫ ЕЛ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған