Аудан әкімі Серік Мамытов Жетісай ауданының мақта дақылын өндіруші шаруаларының мәселесін оңтайлы шешу мақсатында өңірдің мақта өңдеу зауыттары мен ауданның ірі шаруа қожалық төрағаларымен кездесу өткізді. Ашық әңгіме барысында мақта шарушылығы саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, аудан басшысы тарапынан тиісті ұсыныстар енгізілді. Дихандардың уәжін жеткізген Серік Үсенұлы зауыт басшыларына бірқатар талаптар қойды.
Аудан әкімі Серік Үсенұлы: «Бүгін сіздермен ауданымыздың шаруалары үшін маңызды мәселелерді талқылап, ортақ мәмілеге келу үшін арнайы кездесіп отырмыз. Ауылдық округтерде өткен кездесулерде шаруалардың айтатын бірінші мәселесі – ауыл шаруашылығында өндірілген өнімдердің, соның ішінде мақтаның бағасы. Шаруалардың ерте көктемнен қара күзге дейінгі еңбегі зая кетпесін. Мүмкіндігінше дұрыс баға шығарыңыздар, бір жыл жылдағыдан азырақ пайда тапсаңыздар ештеңе етпейді» дей отырып, мақта қабылдау бекеттеріндегі таразыдан алдау, зертханаларда мақта сапасын қасақана төмендету секілді жағдайларға жол берілмеу керектігін ескертті.
Қазіргі күні Мақтаарал мен Жетісай аудандарында 7 мақта өңдеу зауыты бар. Жетісай ауданы аумағында орналасқан 77 мақта қабылдау бекеттерінің 45-і аудан аумағында орналасқан мақта өңдеу зауыттарына тиесілі болса, қалған 32-сі Мақтаарал ауданы аумағында орналасқан мақта өңдеу зауыттарына тиесілі.
Сөзге шыққан сол мақта мақта өңдеу зауыттарының басшыларының айтуынша әр компания тікелей халықаралық мақта саудагерлерімен (трейдерлермен) жұмыс істейді. Ал, трейдерлер мақта талшықтарын сатып алу бойынша алдын ала келісім шарт жасап, қаржыландырады. Сол себепті, мақтаны шикізат күйінде сатып алуға қажетті қаражаттың барлығы дерлік жеке инвестициялар деуге болады. Жиынға келген мақта зауыт басшылары дәл қазіргі кезде сұраныстың жоқтығын алға тартты. Баға – мақта сапасына байланысты екенін мәлімдеді.
Екі жақтың да уәжін тыңдап болған соң аудан әкімі ауыт басшыларына мақтаны тазалаумен қатар, қайта өңдеумен айналысуды ұсынды. Өйткені, 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыратын ауданның 40,8 мың гектардан астам жеріне мақта шиті егіледі.
Қазіргі кезге дейін мақталық алқаптарға дефолиациялау жұмыстары жүргізіліп, күзгі жиын-терім науқанына 715 дана трактор, 897 дана трактор тіркемелері, 61 дана ОВХ, 232 дана мақта терім машиналары дайын. 1665 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, алдын ала болжам бойынша гектарынан 25,8 центнерден өнім алынады деп жоспарланып отыр.
АУДАН БАСШЫСЫ МАҚТА ЗАУЫТТАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ