Ауданымызда халықаралық жастар күніне орай «Жалынды жастар жасасын!» атты гала-концерт болып өтті. Мырзакент кентінің орталық алаңында өткен осы іс-шараға аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, аудан жастарын мерекемен құттықтады. Шарада Мақтаарал және Жетісай ауданының өнерпаздары өнер көрсетіп, көрермендерге қайталанбас көңіл-күй сыйлады.

«Жастар қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші екені анық. Мемлекетіміздің және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан жастарына деген сенімі өте жоғары. Сіздердің интелектуалдық белсенділіктеріңізді, білімге, ғылымға және спортқа деген ұмтылыстарыңызды, еңбек етуге деген талпыныстарыңызды өз басым әркез жоғары бағалаймын. Сондықтан, бүгін «Халықаралық жастар күні» аясында өтіп жатқан гала-концертімізді ашық деп жариялап, барша аудан жастарына зор денсаулық, қайтпас қайсарлық, білім мен спортқа деген үлкен құштарлық тілеймін! Ендеше, елдің патриоты болып, мемлекетіміздің дамуына бірге атсалысуларыңызды сұраймын!» – деді, аудан басшысы Бақыт Насырханұлы өз құттықтауында.

Аудан басшысы осы құттықтауынан соң белсенді еңбектерімен көзге түсіп жүрген бір топ жас, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Марапат барысында аудан әкімі еліміздің ертеңгі болашағы саналатын жастарымыздың әлеуметтік жағдайы, білім мен тәрбие алуы, спортқа тартылуы және отан сүйгіштік қасиеттерге тәрбиелеу бағыты ешқашан назарынан түспегенін де атап өтті.

Гала-концертте Мақтаарал және Жетісай ауданының өнерпаздары, әншілері өнер көрсетті. Кештің негізгі қонағы, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Кеңес Әлімжан болды. Қазақ жастарының арасында «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?», «Бозторғай ана», «Саған гүл алып барамын», «Жарық түн», «Ғашықпын, жаным!», «Саусағың жүзіксіз», «Күз келген жоқ» әндерімен танымал әнші қалың көрерменнің қошеметіне бөленді.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданында 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны 42064 адамды, яғни аудан халқының 39,7 пайызын құрайды.

2024 жылдың 6 айында жастардың бойында патриоттық сезімдерін ояту, оларға салауатты өмір салтын насихаттау, талантты жастарды қолдау, рухани тәрбиелік маңызы бар мәдени іс-шаралар мен акциялар ұйымдастыру қолға алынып, әр түрлі бағытта жалпы саны 279 іс-шара өткен. 2 мыңнан аса мақтааралдық студенттер облыс орталығы мен өзге қалаларда, 700-ден астам студенттер шетелдерде білім алуда. Бүгінде ауданымызда 989 жас білім саласында, 88 жас денсаулық сақтау саласында, 139 жас мемлекеттік қызмет саласында, 89 жас құқық қорғау органдарында, 1500-ден аса жас басқа да мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорындарда жұмыс істейді. Сонымен қатар, 893 жас өз өзін жұмыспен қамтып, кәсіпкерлікпен айналысуда.

Атап өтерлігі биылғы жылы – 109 оқушы «Үздік аттестатпен», 129 оқушы «Алтын белгімен» оқу жылын аяқтап, 597 оқушымыз грант иегері атанды. Соңғы 5 жылда ауданнан 2 әлем чемпионы, 7 Азия чемпионы және 58 республика чемпионы шықты.

АУДАН ӘКІМІНІҢ АЛҒЫС ХАТЫМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған