Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов аудандағы мешіттердің имамдарымен арнайы кездесу өткізді. Іс-шара барысында аудан басшысы елдің тұтастығы, халықтың бірлігі, жастар тәрбиесі мен мемлекетшілдік, отансүйгіштік тақырыптарында имамдармен пікірлесті.
Қаңтар оқиғасының салдарлары және сабақтары жөнінде айтқан Бақыт Насырханұлы Ел Конституциясында «дін» мен «мемлекет» екі бөлек қарастырылғанымен қазіргі таңда діннің қоғамдағы рөлі ерекше күшейгенін атап өтті. Ауданда 134 мың тұрғынның 97,4%-ы исламдық, 2,6%-ы провославтық дінді тұтынады. Дегенмен, тәуелсіздік жылдары деструктивтік діни ағымдардың келе бастағанын және онымен күрес ұдайы жүріп жатқанын өңір басшысы атап өтті.
«Кешегі қаңтар оқиғасы бізге тәуелсіздігіміздің, тыныштық пен бейбіт өміріміздің қадірін түсіндірді. Заңымызда «дін» мен «мемлекет» екі бөлек қарастырылғанымен, екеуінің де мақсаты – елдің бірлігін, ынтымағын, тыныштығын сақтап, халықты бір басшының айналасына топтастыру. Өздеріңізге белгілі, әлемдік жаhандану адамдардың таным–түсінігін, көзқарасын, тіпті жастарымыздың тәрбиесін түбегейлі өзгертіп жатыр. Осындай алмағайып заманда мешіттерде, әсіресе жұма намаздарында жоғарыда көтерілген тақырыптар бойынша уағыздар айтылып, теріс діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыруымыз керек. Кеңесіп пішкен тон келте болмас дегендей, осы мақсатта бірігіп жұмыс жасау, кеңесу мақсатында Сіздерді шақырып отырмын» – деді Бақыт Насырханұлы.
Аудан әкімі мешітке келетін әрбір адамға сырттай талдау жасап, киім киісін, жүріс-тұрысын бақылау керектігін де атап өтті. Сонымен қатар, ауылдарда жаңадан құрылысы жүргізілетін мешіттердің құжаттарын рәсімдеу, оларға бейнекамера орнату жұмыстарын қолға алу сынды мәселелерді де көтерді. Жергілікті кәсіпкер азаматтарды тарта отырып, аз қамтамасыз етілген отбасыларға қайырымдылық іс-шараларын жүргізуді де бірлесе атқаруға шақырды.
Жиын соңында ауданда деструктивті діни ағымда жүрген әрбір адам тіркеуге алынғанын, онымен тиісті құзырлы органдар айналысып жатқанын тілге тиек етті.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
АУДАН ӘКІМІ МЕШІТТЕРДІҢ ИМАМДАРЫМЕН АРНАЙЫ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған