Көктем – күллі табиғаттың ұйқысынан оянып, жаңарып түлейтін, Жер ана бусанып, көк шығатын ерекше мезгіл. Тіршілік атаулыға жан бітіріп, жаңа өмірдің бастауы іспетті осы бір сәтті ерекше күтетін халық күннің көзі көрінісімен-ақ шаруашылық жұмыстарын бастап кетеді. Бірі жерін баптап, егін сепсе, енді бірі көшет егіп, тазалық жұмыстарына кіріседі. Аудан әкімі Жамантай Қанайұлының бастамасымен қолға алынған бұл жұмыс көктемі ерте келетін Жетісай ауданында қарқынды жүріп жатыр.
Аудан басшысы Жетісай қаласындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы орталық саябақта атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Тұрғындардың басты демалыс орны саналатын саябақта өткен жылы егілген 3 мыңға тарта көшеттің 2500 данасы көктеген. Биылғы жылы тағы 3 мың түп қарағай, терек, павлония, шырша, қара тал, ағаштары отырғызу жоспарда бар. Отырғызылған көшеттерді күтіп-баптау ісімен айналысатын «ЖЕТІСАЙ МКК» мекемесінің жұмысымен танысқан Жамантай Қанайұлы істелген жұмыстарға оң бағасын берді. Өз қолымен көшет егіп, саябақ аумағын көгалдандыру жұмыстарына жауапкершілікпен қарауды және мейлінше егілетін көшеттердің жергілікті тұқымбақтан болуын тапсырды.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.