Биыл қараша айында оңтүстік өңірінің шежіресі, Түркістан облысы баспасөзінің қарашаңырағы – «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жарыққа шығып келе жатқанына 100 жыл толды. Бұл газет еліміздегі өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылым. Қазақтың даңқты перзенттері – Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұловтар негізін қалаған «Ақ жол» газетіне бастау алатын  бұл басылымды  шығаруға Міржақып Дулатұлы, Нәзір Төреқұлов, Ораз Жандосов. Ораз Исаев, Бейсенбай Кенжебаев секілді ұлт қайраткерлері мен зиялылары атсалысқан.  Мұнда Көшке Кемеңгерұлы, Жүсіпбек Арыстанов, Мұхтар Әуезовтердің қаламының табы қалған.

Газет әр жылдары уақыттың ағымына қарай «Еңбекші қазақ», «Ленин жолы» атауларымен алғашқыда Ташкентте, содан соң Қызылорда қаласында жарық көрді. Халқымыздың біртуар перзенті, қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған ғалым Бейсенбай Кенжебаев редакторлық еткен  кезеңде  1932 жылы қазіргі «Оңтүстік Қазақстан» деген атауына ие болды. Бұл газет қасиетті де киелі Түркістан облысының үні мен айнасы.  Басылым Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан ұлттық модернизация мен түбегейлі реформаларды  кеңінен  насихаттап, оның мәні мен маңызын  халыққа түсіндіру  жолында  еселі еңбек етіп келеді.

Аталмыш газеттің мерейтойы үстіміздегі жылы 28 қарашада Түркістан қаласында  кеңінен аталып өтілді. Осы күні редакция ұжымы және ардагер журналистер алдымен «Әзірет Сұлтан» кесенесіне зиярат жасап, осында жерленген  барша ғазиз  жандар рухына құран бағыштады. Саябаққа  «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 100 жылдығына 100 түп ағаш көшетін отырғызды.

29 қараша күні таңертең сағат 9.00-де «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында  салтанатты іс-шара басталды. Қонақтар «Оңтүстік Қазақстан» газетіне 100 жыл» атты фотокөрмені  қызыға тамашалады.  Бұдан соң зиялы қауым  өкілдері мен журналистер  «Оңтүстік Қазақстан» тарих толқынында» атты ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Жиынды аталмыш газеттің  директоры-бас редакторы Абай Балажан ашып, жүргізді. Конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Құлбек Ергөбек сөз сөйлеп, басылымның  тарихын тереңінен  баяндады. Сондай-ақ, ардагер ұстаз, профессор Сейдолла Сыдықов, филология ғылымдарының  кандидаты Бекжігіт Сердәлі байырғы  басылымның шежіресінен сыр шартті.

Үлкен залда өткен  салтанатты жиында  ҚР Президентінің баспасөз жетекшісі Берік Уәли Мемлекет басшысы  Қ.К.Тоқаевтың газет ұжымына  арнаған құттықтау хатын  оқып беріп,  бұл басылым  Әділетті Жаңа Қазақстандағы  ашықтық  пен жариялылықты  ілгерілетер  шыншыл  басылым балып қала беретініне кәміл сенемін деді. Бұдан соң ҚР Парламенті Сенатының депутаты  Алишер  Сатвалдиев пен ҚР Парламенті  Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібековтер сөзге шығып, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары  М.Әшімбаев пен Е.Қошановтың  құттықтауларын жеткізді. Салтанатты  іс-шарада Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сөз сөйлеп, өзіндік орны ерекше аға басылымның 100 жылдық мерейтойы руханият саласындағы  елеулі оқиға, барша  журналистер қауымының, газет жанашырлары мен оқырмандардың, барша түркістандықтардың  ортақ мерекесі екенін атап көрсетті. «Бұл басылым егемен  еліміздің саяси тұрақтылығын  сақтау, облыс экономикасы мен мәдениетін дамыту жолында  маңызды рөл атқарып келеді. Мемлекеттік  саясатты  кеңінен насихаттап, халық пен билік арасын байланыстыратын  алтын көпірге  айналды»,- деді.

Жиында облыс әкімі Д.Сатыбалды облыстың қоғамдық-саяси әлеуметтік-экономикалық  дамуына елеулі үлесін қосқан  аталмыш газеттің бір топ үздік журналистерін Алғыс хатпен марапаттады. Олардың арасында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі, аудандық «Мақтаарал» газетінің бас редакторы Сәбит Қалдыбаев та бар. Ол «Оңтүстік Қазақтан  газетіне – 100 жыл» мерекелік медалімен де марапатталды. Айтулы іс-шарада  облыстық газетте меншікті тілші болып істеген  ардагер журналист, ақын Боранбай Құдияр ағамыз да  осы медалмен марапатталып, «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағын алды. Сондай-ақ іс-шарада  газет журналистерін – Түркістан облыстық  мәслихатының  төрағасы  Н.Әбішев,  облыстық  «Amanat» партиясы филиалы атынан Қ.Жантөреева, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұловтар Алғыс хаттармен марапаттады.

Мерекелік жиынға  Мырзашөл өңірінен Қазақстан Жазушылар Одағының  мүшесі,  ақын, журналист Айыпберген Балтабаев пен Жетісай, Мақтаарал аудандарында бірнеше тәуелсіз газеттердің  бас редакторы болып жұмыс істеген ардагер журналист Өсімхан Пістебек, ақын-журналист, бүгінде  Шымкент қаласында  тұратын Пердеш Есенбеков, ақын, Қазақстан Журналистер одағының  мүшесі  Камалбек Ортаев  ағаларымыз құрметті қонақ болып қатысты. Барша қонақтар – газеттің мерекелік нөмірі мен «Ғасырмен құрдас Оңтүстік» атты көлемді  кітапқа ие болды.

ӘРІПТЕСІМІЗ СӘБИТ ҚАЛДЫБАЕВ МЕРЕКЕЛІК  МЕДАЛЬМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған