Шардарада наурыз меркесін тойлау басталып кетті. 14 наурыз – Амал күніне орай Қ.Тұрысбеков ауылдық округінде Көрісу күні ұйымдастырылды.
Ауылдық Мәдениет үйінде ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналған айтулы іс-шара өтіп, оған ауыл тұрғындары қатысты. Карантин тәртібі бойынша арақашықтықты сақтап, бетперде таққан тұрғындар әз Наурыздың алғашқы мерекесі – Амал күнін өз дәрежесінде атап өтті.
   Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, ауыл әкімі Аман Алтынбеков бастаған топ алдымен арнайы тігілген киіз үйдегі қолөнер мен ұлттық тағамдар қойылған көрмені тамашалады. Ақсақалдар жағы киіз үйдегі наурыз көжеден дәм татып, ақ баталарын берісті.
  Сондай-ақ, іс-шара барысында театрландырылған қойылым көрсетіліп, Қызыр баба бастаған батагөй абыздар, түйе мен сиыр, қой-ешкі секілді төрт түлік малдың, есекке мінген Қожанасыр мен жарамды ат мінген шабандоздар көші сән-салтанатымен көрермен алдынан өтіп, мерекенің сәнін кіргізді. Мерекеге жиналған көпшілікті аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев құттықтап, Амал күнінің мән-мағынасына кеңінен тоқталды.
   Мереке барысында «Ақ әжелер» ансамблі, ауылдық фольклорлық «Мерей» ансамблі, Эльмира Шонаева, Бақберген Омаров, Әділғазы Ибрагимов, Ербол Таңжаров сынды аудандық Мәждениет үйінің өнерпаздары әсем әннен шашу шашты.
(с) Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі
НАУРЫЗ – АМАЛ КҮНІНЕН БАСТАУ АЛДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған