Түркістан қаласында 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай, өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдері мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен жиын болып өтті. Шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов аталған мейрамның мән-мағынасына тоқталды.
«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін – «Алғыс айту күні» ретінде жариялап, сол жылдан бастап мерекені атап өтудеміз. Қазақстанға қоныс аударған түрлі этнос өкілдерін қазақ халқы құшақ жая қарсы алды. Сондықтан бұл күнді тарихқа тағзым ету деп түсінгеніміз жөн. Бүгінде этносаралық келісімнің қазақстандық моделін әлем елдері мойындап, үлгі етіп келеді. Жүзден астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында бірлікті бекем, татулықты ту етіп, ел игілігі үшін табысты еңбек етуде», – деді Сәкен Амангелдіұлы.
Сондай-ақ, жиында облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Юлдаш Султанов пен славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Марина Лимаренко да жылы лебіздерін білдірді. Жиын Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелігіне облыстан сайланған азаматтарға куәлік тапсыру рәсімімен қорытындыланды. Мерекелік жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының «30 игі іс» қайырымдылық акциясы бастау алып, ол облыс көлемінде жыл бойы жалғасатын болады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
ТҮРКІСТАНДЫҚТАР АЛҒЫС АЙТУ КҮНІН АТАП ӨТТІ