«Тұрсынкүл апа» бөбекжай балабақшасының «Ақкөгершін» тобының тәрбиеленушілерімен «Өрт қауіпсіздігі» тақырыбында танымдық тәрбие сағаты өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – балаларға өрттің қаншалықты қауіпті екенін түсіндіру, өрттің алдын алу жолдарын үйрету, қауіпсіздік ережелерін сақтауға тәрбиелеу және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға баулу болды.

Тәрбие сағаты барысында балаларға оттың адам өміріндегі маңызы мен пайдасы туралы түсіндірілді. Сонымен қатар оттың дұрыс пайдаланылмаса тілсіз жауға айналатыны айтылып, өрттің адам өміріне, табиғатқа және қоршаған ортаға тигізетін зияны кеңінен түсіндірілді. Балаларға сіріңке, оттық, тұрмыстық техникалық құралдар сияқты қауіпті заттармен ойнауға болмайтыны ескертілді.

Іс-шараның басында балалармен жағымды психологиялық ахуал қалыптастырылып, қоршаған ортамен амандасу сәті ұйымдастырылды. Балалар күнмен, аспанмен, жер-анамен амандасып, бір-біріне жақсы көңіл-күй сыйлады. Бұл кезең балалардың сабаққа қызығушылығын арттырып, белсенді қатысуына ықпал етті.

Тәрбиеші балаларға «От – досымыз, от – жауымыз» тақырыбында түсінік беріп, оттың тіршілік үшін маңызына тоқталды. Оттың көмегімен үй жылынатыны, тамақ пісетіні, адам өміріне жылулық пен жарық сыйлайтыны айтылды. Сонымен қатар абайсыздық салдарынан өрттің шығуы мүмкін екені түсіндірілді.

Сабақ барысында өрттің шығу себептері туралы айтылып, арнайы суреттер мен бейнероликтер көрсетілді. Балалар өрттің шығуына көбінесе сіріңкемен ойнау, газды ашық қалдыру, үтікті тоққа қосулы қалдыру, темекі тұқылын сөндірмей тастау себеп болатынын атап өтті.

Шырпы туралы әңгіме барысында балалар оның күнделікті өмірде қажетті құрал екенін айтқанымен, үлкендердің рұқсатынсыз пайдалануға болмайтынын түсінді. Өйткені өрт – тілсіз жау екені балаларға нақты мысалдар арқылы жеткізілді.

Сонымен қатар балаларға газ плитасы мен электр құралдарын дұрыс пайдалану жолдары түсіндірілді. Газдың иісі шыққан жағдайда сіріңке жағуға немесе электр шамын қосуға болмайтыны, мұндай жағдайда терезені ашып, бөлмені желдету керектігі айтылды. Электр құралдарын ұқыпсыз пайдалану да өртке себеп болатыны ескертілді.

Тәрбие сағатында балалар жұмбақтар шешіп, өрт қауіпсіздігіне байланысты тақпақтар айтты. Олар оттың пайдасымен қатар зияны да бар екенін түсініп, қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін білді. Балалардың орындауындағы тақпақтар арқылы сіріңкемен ойнаудың қауіпті екені және өрттің алдын алу маңызды екені насихатталды.

Сабақтың келесі бөлімінде өрт қауіпсіздігі ережелері таныстырылды. Балалар:

электр жүйесін тоқтан ажыратуды;

рұқсат етілмеген жерге электр желісін жүргізбеуді;

өрт сөндіруге арналған құралдарды дайын ұстауды;

өрт шыққан жағдайда су, құм сияқты заттарды пайдалануды үйренді.

Сонымен қатар адамның киімі өртенген жағдайда қандай әрекет жасау керектігі де түсіндірілді. Балалар мұндай кезде сабыр сақтап, қауіпсіздік шараларын орындау қажеттігін білді.

Іс-шара соңында өрт қауіпсіздігі бойынша викториналық сұрақтар қойылып, балалар өз білімдерін көрсетті. Олар өрт сөндірушілердің қызметі, өрт сөндіргіш құралдар және төтенше жағдай кезіндегі алғашқы әрекеттер туралы сұрақтарға жауап берді.

Тәрбие сағаты балалардың өрт қауіпсіздігі туралы түсініктерін кеңейтіп, сақтыққа, жауапкершілікке және қауіпсіздік ережелерін сақтауға тәрбиелеуге бағытталды. Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар арқылы бүлдіршіндердің өмір қауіпсіздігіне деген көзқарасы қалыптасып, төтенше жағдайлардың алдын алуға үйренеді.

Ұлжан ЖАХАН,

«Тұрсынкүл апа» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі.

ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ  – БАСТЫ НАЗАРДА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған