Қазіргі қоғамда жас ұрпақ тәрбиесі – ел болашағын айқындайтын маңызды бағыттардың бірі. Осы орайда Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі ұсынған «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, саналы, отаншыл, жауапкершілігі жоғары тұлға қалыптастыруға бағытталған маңызды құжат.

Мектепке дейінгі ұйым – баланың тұлғалық іргетасы қаланатын алғашқы тәрбие ордасы. Сондықтан адамгершілік-патриоттық тәрбие дәл осы кезеңнен басталуы тиіс. Балабақша қабырғасында берілген тәлім-тәрбие баланың бойына ізгілік, мейірімділік, әділдік, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты асыл қасиеттерді дарытады.

Адамгершілік тәрбиенің мазмұны

Мектепке дейінгі жастағы бала қоршаған ортаны сезім арқылы қабылдайды. Сол себепті адамгершілік құндылықтар күнделікті іс-әрекет, үлгі-өнеге, ойын және қарым-қатынас арқылы қалыптасады.

Тәрбиешілер балаларға:

адалдық пен шыншылдықты;

достық пен сыйластықты;

еңбексүйгіштік пен жауапкершілікті;

табиғатқа жанашырлықты үйретеді.

Бұл бағытта халық ауыз әдебиеті үлгілері, ертегілер, мақал-мәтелдер, ұлттық ойындар кеңінен қолданылады. Әрбір ұйымдастырылған оқу қызметі мен еркін ойын барысында баланың мінез-құлқына оң ықпал ету басты назарда болады.

Патриоттық тәрбиенің ерекшелігі

Патриоттық тәрбие – туған жерге, елге, мемлекеттік рәміздерге деген құрметтен басталады. Балабақшада Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы, Әнұраны таныстырылып, олардың мән-мағынасы жас ерекшелігіне сай түсіндіріледі.

Балаларға туған өлке табиғаты, ұлттық салт-дәстүрлер, тарихи тұлғалар туралы мағлұмат беру арқылы отансүйгіштік сезім қалыптастырылады. Мерекелік іс-шаралар, тақырыптық апталықтар, танымдық ойындар – патриоттық тәрбиенің тиімді құралдары.

Сонымен қатар, отбасымен тығыз байланыс орнату – тәрбиенің нәтижелілігін арттырады. Ата-анамен бірлескен жобалар, шеберлік сағаттары, ұлттық мерекелерді атап өту арқылы бала бойында ұлттық сана мен рухани құндылықтар нығая түседі.

«Адал азамат» – балабақшадан басталады

«Адал азамат» бағдарламасының басты мақсаты – қоғамға пайдалы, еліне жанашыр, адал ұрпақ тәрбиелеу. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі, кешенді түрде жүргізілгенде ғана нәтижелі болмақ.

Мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиенің негізі – сүйіспеншілік пен сенім. Әрбір бала өзін қауіпсіз әрі құрметті сезінген жағдайда ғана оның бойында оң қасиеттер қалыптасады. Сондықтан тәрбие процесінде жылы қарым-қатынас, қолдау көрсету, баланың жеке пікірін құрметтеу – негізгі қағидаттардың бірі.

Қорытындылай келе, адамгершілік-патриоттық тәрбие – ұлт болашағының кепілі. «Адал азамат» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар – жас ұрпақтың рухани кемелденуіне, елін сүйетін, жауапкершілігі жоғары тұлға болып қалыптасуына негіз болады.

Балабақша – адалдық пен отансүйгіштіктің алғашқы мектебі. Ал біз, мектепке дейінгі ұйым басшылары мен педагогтері, осы қасиеттерді бала жүрегіне ұялату жолында аянбай еңбек етуіміз қажет.

Момынова Қарашаш Сапарханавна,

МАҚТААРАЛ АУДАНЫ

Достық ауылы

Достық елді мекені

ЖШС «ДОСТЫҚ-Н»бөбекжай балабақшасының меңгерушісі.

«АДАЛ АЗАМАТ» БІРТҰТАС ТӘРБИЕ АЯСЫНДА МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМДАРДА АДАМГЕРШІЛІК-ПАТРИОТТЫҚ ТӘРИЕНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған