Қазіргі қоғамда еңбекқор, жауапкершілігі жоғары, өз ісіне бейім ұрпақ тәрбиелеу – білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі. Бұл міндет балабақша қабырғасынан бастау алады. Мектепке дейінгі кезең – баланың тұлға болып қалыптасуының ең маңызды сатысы. Сондықтан ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу – баланың өмірге бейімделуіне, еңбекке құрметпен қарауына және болашақ мамандығын саналы таңдауға негіз болатын маңызды бағыт.

Балабақшада еңбек тәрбиесі ойын арқылы, күнделікті тұрмыстық әрекеттер арқылы және ұйымдастырылған іс-әрекеттер барысында жүзеге асады. Балалар өз ойыншықтарын жинау, гүлдерді суару, үстел әзірлеуге көмектесу, табиғат бұрышындағы жануарларға қамқорлық жасау сияқты қарапайым жұмыстарды орындай отырып, еңбектің мәнін түсіне бастайды. Осындай әрекеттер баланың жауапкершілік сезімін арттырып, ұқыптылыққа, төзімділікке, бірлесіп жұмыс жасауға баулиды.

Еңбекке баулу тек дағды қалыптастырумен шектелмейді. Ол балаларды әртүрлі кәсіп түрлерімен таныстыруды да қамтиды. Тәрбиешілер мен әдіскерлер ұйымдастыратын «Мамандықтар әлемі», «Менің ата-анамның мамандығы», «Болашақта кім болам?» тақырыбындағы іс-шаралар арқылы балалар дәрігер, мұғалім, құрылысшы, аспаз, полиция қызметкері сияқты мамандықтар туралы мағлұмат алады. Рөлдік ойындар барысында олар түрлі кәсіп иелерінің қызметін бейнелеп, олардың қоғамдағы маңызын түсінеді.
Ерте жастан кәсіпке баулудың тағы бір тиімді жолы – ата-аналармен тығыз байланыс орнату. Ата-аналар өз мамандықтары туралы әңгімелеп, құрал-жабдықтарын таныстырып, шағын шеберлік сағаттарын өткізген кезде балалардың қызығушылығы арта түседі. Бұл өз кезегінде отбасы мен балабақша арасындағы ынтымақтастықты нығайтады.
Балаларды еңбекке баулу барысында олардың жас ерекшеліктері мен қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Әр тапсырма баланың шамасына сай, қызықты әрі қауіпсіз түрде ұсынылуы қажет. Мадақтау мен қолдау көрсету арқылы баланың еңбекке деген оң көзқарасы қалыптасады. Еңбегінің нәтижесін көрген бала өзіне деген сенімділікке ие болады.
Қорытындылай келе, ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу – баланың жан-жақты дамуына ықпал ететін маңызды тәрбие бағыты. Еңбекқорлық, жауапкершілік, ұжыммен жұмыс істей білу, өз ісіне құрметпен қарау сияқты қасиеттер дәл осы кезеңде қалыптасады. Сондықтан балабақша ұжымы мен ата-аналардың бірлескен жұмысы арқылы біз болашақта өз орнын таба білетін, қоғамға пайдалы, еңбекқор тұлға тәрбиелей аламыз.
«Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады», – дейді Әзілхан Нұршайықов.
Бұл даналық сөз еңбек тәрбиесінің маңызын айқындап, әр педагогтың басты ұстанымына айналуы тиіс.
Зиябек Несібелі Мұсабекқызы,
«Би Мардан» бөбекжай балабақшасының әдіскері.
