Жуырда №44 «Жаңа дала» жалпы білім беретін мектебі КММ-нің өнерпаздары Түркістан облысы білім басқармасының қолдауымен «ТАСС-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйымдастыруымен Республикалық «HAN-TV» телеарнасының арнайы телевизиялық жобасы аясында өткен өнер байқауына қатысты.

Аталған байқаудың басты мақсаты – жас таланттарды қолдау, олардың шығармашылық қабілетін дамыту, ұлттық және заманауи өнерді кеңінен насихаттау, сондай-ақ өнерге бейім жастардың кәсіби дамуына жол ашу. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған бұл жоба еліміздің әр өңірінен келген дарынды өнерпаздарды бір сахнада тоғыстырды.
Байқауға мектебіміздің өнерпаздары да қатысып, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Вокал жанры (ән өнері) бойынша Қағазбек Жұмағали (жетекшісі – Есімханова Сәуле) өзінің орындаушылық шеберлігімен ерекшеленіп, І орынға ие болды. Сонымен қатар, хореография (би өнері) жанры бойынша «Ақмаржан» би тобы (жетекшісі – Нысанбаева Ақмаржан) көркем әрі мазмұнды би композициясын ұсынып, І орынды жеңіп алды.
Осылайша, №44 «Жаңа дала» ЖББМ атынан қатысқан өнерпаздар екі номинация бойынша І орын алып, облыстық кезеңге жолдама алды. Бұл – оқушылардың таланты мен жетекшілердің кәсіби еңбегінің айқын нәтижесі.
Қатысушылардың өнерін тәжірибелі қазылар алқасы әділ бағалап, олардың сахна мәдениетіне, орындау деңгейіне және шығармашылық ізденістеріне жоғары баға берді. Байқау жеңімпаздары дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Аталған өнер байқауы республикалық «HAN -TV» телеарнасы арқылы кең көрерменге ұсынылып, жас өнерпаздардың шығармашылығын насихаттауға зор үлес қосты.
Түркістан облысы білім басқармасының қолдауымен өткен бұл жоба – жас ұрпақты өнерге баулуда, ұлттық өнерді ұлықтауда маңызы зор бастама. Ал облыстық кезеңге жолдама алған біздің мектебіміздің өнерпаздарына алдағы сайыстарда сәттілік тілейміз.
Өміров Айтуған Хансейтұлы,
№44 «Жаңа дала» жалпы білім беретін мектеп
КММ-нің тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.
