Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін, қоғамның сеніміне сызат түсіретін қауіпті әлеуметтік құбылыс. Ол әділдік қағидаттарын бұзып, заң үстемдігіне нұқсан келтіреді және елдің экономикалық, әлеуметтік дамуын тежейді. Сондықтан жемқорлыққа қарсы күрес – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Бүгінгі таңда елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте ең басты назар адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын қалыптастыруға аударылып отыр. Қоғамда «адал ұрпақ» тәрбиелеу – болашақтың кепілі. Себебі жемқорлықпен күрес тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның, соның ішінде білім беру ұйымдарының да жауапкершілігі болып табылады.

Мектеп – жас ұрпақтың тұлға болып қалыптасатын, құндылықтарды бойына сіңіретін маңызды орта. Сондықтан білім ордаларында парасаттылық, әділдік, жауапкершілік ұғымдарын дәріптеу – басты бағыттардың бірі. Оқушыларға құқықтық сауаттылықты арттыру, адал еңбекке баулу, өз ісіне жауапкершілікпен қарауды үйрету арқылы біз болашақта жемқорлыққа төзбейтін саналы қоғам қалыптастыра аламыз.

Жетісай ауданы көлемінде де адалдық мәдениетін қалыптастыру бағытында түрлі іс-шаралар, кездесулер, түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Мектептерде «Адал ұрпақ» клубтары жұмыс істеп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған тәрбие сағаттары, пікірталастар мен акциялар өткізілуде. Бұл шаралардың басты мақсаты – жас буынның құқықтық мәдениетін көтеру және әділдік қағидаларын берік ұстанатын азамат тәрбиелеу.

Ю.Гагарин атындағы №3 жалпы білім беретін мектебі ұжымы да осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Мектеп қабырғасында адалдық бұрыштары ұйымдастырылып, сенім жәшіктері орнатылған, ата-аналармен және оқушылармен түсіндіру кездесулері тұрақты өткізіледі. Мұндағы мақсат – ашықтықты қамтамасыз ету және кез келген заңсыз әрекетке жол бермеу.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – ұзақ әрі табанды еңбекті талап ететін үдеріс. Әрбір азамат заңды құрметтеп, адалдықты өмірлік ұстанымына айналдырғанда ғана біз әділетті қоғам құра аламыз. Сондықтан парасаттылық пен жауапкершілік – әрқайсымыздың басты қағидамыз болуы тиіс.

Адалдық – ардың ісі. Арлы қоғамда жемқорлыққа орын жоқ.

Г. ЖЕТЕБАЕВА,

Жетісай ауданы, Ю.Гагарин атындағы №3 ЖББМ директоры.

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ – ҚОҒАМ ДЕРТІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған