Қоғамның басты тірегі – білімді де парасатты ұрпақ. Ел болашағының кепілі саналатын жас буынды тәрбиелеу – әрбір ұстаз бен ата-ананың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ борышы. Өйткені бүгінгі мектеп қабырғасындағы шәкірт – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға. Сондықтан біз жас ұрпақтың бойына адалдық пен әділдік, ізгілік пен жауапкершілік, еңбекқорлық пен отансүйгіштік қасиеттерін дарытуға барынша күш салуымыз қажет.

Білім – ұлт келешегінің негізі, ал адалдық – сол білімнің рухани өзегі. Осы мақсатта елімізде жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат» жобасы жастардың адамгершілік және рухани бағытта дамуына жол ашып отыр.

Бұл жоба жасөспірімдердің бойында адалдық, әділдік, сенім мен жауапкершілік секілді қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болып табылады.

Біздің мектебімізде де «Адал азамат» жобасы аясында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Жыл басынан бері оқушылар арасында адалдық, әділдік және патриоттық сезімдерді насихаттауға арналған кездесулер, пікірталастар, эссе байқаулары, сынып сағаттары және түрлі шығармашылық жобалар өткізілді. Мұндай іс-шаралар оқушылардың өз ойын еркін жеткізе білуіне, өмірлік ұстанымдарын айқындауына және азаматтық жауапкершілікті сезінуіне зор ықпал етуде.

Оқушылардың бойына адалдық қасиетін қалыптастыру – ең алдымен ұстаздардың өнегелі ісінен басталады. «Ұстаз – ұлт болашағының шамшырағы» десек, әр мұғалім өз ісінде әділдік пен шыншылдықты басшылыққа алып, шәкірт алдында үлгі бола білуі тиіс. Мектеп ұжымы жас ұрпақты біліммен қатар ізгілікке баулуды басты міндет деп санайды.

Адалдық – адам болмысының айнасы. Ол – адамның жүрегіндегі шынайылықтың, намыс пен ардың көрінісі. Егер әрбір жас бойында адалдық пен әділдік қасиеттерін қалыптастыра алса, қоғамда парасаттылық пен сенім салтанат құрады.

Біздің мақсатымыз – өз еліне, жеріне сүйіспеншілікпен қарап, адал еңбек етіп, халқының сенімін ақтайтын нағыз азамат тәрбиелеу.

Бүгінгі таңда оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық әлеуетін дамыту үшін мектеп қабырғасында түрлі үйірмелер, жобалар және пәндік олимпиадалар ұйымдастыры-лып келеді. Әр шәкірт өз дарынын ашып, ел игілігіне қызмет етуді мақсат тұтса – білімнің де, тәрбиенің де нәтижесі өз жемісін береді.

«Білім келешегі – адал азамат» деген ұран әр оқушының жүрегінде жатталып, өмірлік қағидасына айналса – біздің еңбегіміздің жемісі сол болмақ. Өйткені ел ертеңі – саналы да адал, ұлтжанды да білімді жастардың қолында.

Адалдық пен білім қатар өрілген қоғам – әділетті, өркениетті және өр рухты елдің бейнесі. Сол себепті біз жас ұрпақты адалдыққа, ізгілікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеуді өз жұмысымыздың басты бағыты деп білеміз.

Татибаев Тұңғат Серікұлы,

Ә. Молдағұлова атындағы №34 ЖББМ КММ директоры.

«БІЛІМ КЕЛЕШЕГІ – АДАЛ АЗАМАТ»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған