Елге сыйлы, халқына қадірлі, еліміздің ағартушылық саласында еңбегі сіңген қоғам қайраткері Құлмырзаев Пернебай Сәруарұлы 1947 жылы 10 сәуірде бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Киров ауданы, « Большевик» совхозында дүниеге келген. Әкесі Сәруар ата колхоз басшысы, анасы Аманкул апа үй шаруасында, бала тәрбиесінде болды. Бұл кезең ауыр Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезең болатын. Мектеп жасына дейін ата-анасының тәрбиесінде болып, 1955-1965 жылдары Асықата кентіндегі бұрынғы “Победа” орта мектебінде оқыды. Құлмырзаев Пернебай мектепте үздік оқушылар қатарында болды, мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысты. Әсіресе, математика, физика, химия, әдебиет пәндеріне қызығушылығы жоғары еді.

1966 жылы Шымкент педагогикалық институтына физика мамандығына түсіп, 1971 жылы бітірді. Оқу барысында Пернебай Сәруарұлы өзін білімге құштар, зерек, тәртіпті әрі жауапкершілігі жоғары студент ретінде көрсете білді. Теориялық білімді терең меңгеріп, практикалық сабақтарда белсенділік танытып, үнемі жоғары нәтижелерге қол жеткізіп отырды. Пернебай Сәруарұлы өзін-өзі жетілдіріп отыратын, көп оқитын, мақсатшыл, жауапкершілігі мол, талапты әрі тәртіпті азамат болды.

Пернебай Сәруарұлы 1971 жылы жоғары оқу орнын бітірген алғаш еңбек жолын Киров ауданындағы «Победа» орта мектебінен физика –математика мұғалімі қызметінен бастады. 1972-1974 жылдары Киров аудандық білім бөлімінде әдіскер қызметін атқарды.
Пернебай Сәруарұлының педагогикалық ұйымдастырушылық қабілетін байқаған аудандық білім бөлімінің басшылары 1974 жылы “Чехов” орта мектебіне директордың оқу-тәрбие орынбасары қызметіне тағайындады. Бұл ұжымда 1977 жылға дейін абыройлы беделді атқарды. Өмірлік жолдасы Жұмашева Разия да жоғары білімді, ұстаздық жолында еңбегі ерен.
Құлмырзаев Пернебай –өте ізденімпаз, білімді, ақылды ұстаз. 1977 жылдан бұрынғы «Большевик» кеңшары орталығындағы Макаренко атындағы орыс –қазақ мектебіне директордың оқу-тәрбие орынбасары қызметіне ауысты. 1978 жылы осы мектептің директоры қызметіне тағайындалды.Пернебай Сәруарұлы осы мектепті 30 жылға жуық басқарды. Пернебай ағай өз ұжымындағы ұстаздардың қамқоршысы, ақылшысы, кемеңгері, өзінен гөрі ел қамын ойлайтын басшы бола білді. Бұрынғы Макаренко қазіргі Нұртаза Исмаилов атындағы білім ордасы Пернебай ағай үшін орны ерекше . Кеншар орталығындаға жаңа заманауи мектептің бой көтеруіне басты себепші, себебі мемлекет ыдырады, бірақ мектептің салдырып аяқтауына бар күшін салды. Білім ұясының алтын кілтін өз қолымен қабылдады.
Құлмырзаев Пернебай1980 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында директорлық курсын үздік оқыды. 1983 жылы Қазақстан Компартиясы мүшесіне кірді. 1986 жылы Марксизм-Ленинизм университетін үздік аяқтап, партия саласында жоғары саяси білім алды. 1984-1987 жылдары Ленин орденді Мақтарал совхоз техникумды агроном мамандығын тағы үздік бітірді, бірақ ауылшаруашылығы саласына емес, барлық білімін, күш- қуатын білім саласына жұмсады.
Патриот ұстаз Пернебай ағай көп жылғы басшылық тәжірибесінде өзін талапшыл, әділетті, жаңашыл, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшы ретінде көрсете білді. Мектептің оқу-тәрбие процесін жүйелі ұйымдастырып, білім сапасының артуына және ұстаздар ұжымының кәсіби дамуына зор үлесін қосты.
Құлмырзаев Пернебайдың басшылығымен мектеп аудандық, облыстық, республикалық байқауларда үздіктер қатарынан көрініп, оқушылар пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Мектептің материалдық-техникалық базасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Ұстаздың кәсіби біліктілігі мен жауапкершілікке толы қызметі әріптестеріне, еліне үлгі!
Өмір бойы ұстаздық қызмет атқарған патриот ұстаз, жастардың бойына білімге құштарлықты, патриотизмді, Отанға , еліне деген махаббатты сіңіріп , талай шәкірт тәрбиеледі. Пернебай Сәруарұлының 2 ұлы заң қызметкерлері, 5 қызы әскери, медицина, педагогика саласында орны бар азаматтар. Немерелері де «Алтын белгі» иегерлері, Қазақстанның , шет елдердің мықты университеттерінің грант иегерлері. Әрбір білім ордасының мәртебесін асқақтатып, абыройын өсіретін –сол мектептің түлектері. Мектептен қанат қаққан әрбір шәкірт өмір жолында түрлі салаларда жетістікке жетіп, туған жері мен білім алған ұясына қамқорлық көрсетсе, бұл-ұстаз еңбегінің ақталғаны, мектеп тарихының жалғасып жатқанын білдіретін қуанышты жайт. Біздің мектебімізден де талай елге танылған тұлғалар түлеп ұшты. Осы елге танылған тұлғаларды атап айта кететін болсам, Құлмырзаев Пернебай Сәруарұлының ұлдары Қуаныш және Шоқанды айтар едім. Түркістан облысы Полиция департаменті Жетісай аудандық полиция бөлімінің бастығының Тергеу жөніндегі орынбасары Полиция подполковнигі Құлмырзаев Қуаныш Пернебайұлы, Түркістан облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға уәкілі Полиция полковнигі Сәруар Шоқан Пернебайұлы. Олар мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға көмек көрсеткен үлестері ерекше деп айтар едім. 2025 жылы тамыз айының 22 жұлдызында «Н.Исмайлов атындағы №45 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Еңбегі еленген-ел ағасы» атты аудандық тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды. Құлмырзаев Қуаныш Пернебайұлы мен Сәруар Шоқан Пернебайұлының демеушілігімен Мәжіліс бөлмесін заманауи талапқа сай, соңғы үлгідегі техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Осындай өнегелі істері шәкірттерге мотивация болып, олардың да ертең елге қызмет ететін азамат болып қалыптасуына ықпал етеді. Мектептен шыққан Қуаныш пен Шоқанның қолдауы- білім ордасының дамуына серпін беріп қана қоймай, ұстаздар қауымы үшін де үлкен қуаныш. Бұл-қажырлы еңбектің жемісі, тәрбиенің нәтижесі. Болашақта да мектебімізден шыққан әрбір түлек өзінің туған ұясына қамқор болып, игілікті істердің жалғастырушысы боларына сенім мол. Өйткені, елін сүйген азамат ең алдымен білім алған мектебін құрметтеуден бастайды.
Қорытындылай келе, мектепке демеушілік жасау-тек қайырымдылық емес, ол-ұлт болашағына деген қамқорлықтың, жүректегі ізгіліктің айғағы. Осындай игі істер көбейе берсін, демеушілк мәдениеті қоғамда кеңінен қанат жайсын!
Алипова Нағима Әмірқұлқызы,
Түркістан облысы Жетісай ауданы
«Н.Исмайлов атындағы №45 жалпы білім беретін мектеп»
коммуналдық мемлекетттік мекемесі
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
