Мектепке дейінгі жастағы балалардың денсаулығын сақтау мен нығайту – білім беру ұйымдарының басты міндеттерінің бірі. Балалардың күнделікті өмірінде дұрыс ұйымдастырылған тамақтану ерекше орын алады. Себебі баланың ағзасы тез дамып, өсіп келе жатқан кезеңде сапалы және теңгерімді тағам арқылы ғана қажетті қоректік заттарды ала алады.

Осы себепті мектепке дейінгі ұйымдарда тамақтану рационын дұрыс жоспарлау, ұйымдастыру және бақылау – балабақша жұмысының маңызды бөлігі болып табылады.
Мектепке дейінгі ұйымдарда тамақтануды ұйымдастырудың басты мақсаты – балаларды жас ерекшелігіне сәйкес сапалы, құнарлы және қауіпсіз тағаммен қамтамасыз ету.
Міндеттері:
Балалардың физиологиялық қажеттілігін қанағаттандыру;
Дұрыс тамақтану дағдыларын қалыптастыру;
Ас қорыту жүйесін сақтау және аурулардың алдын алу;
Әр баланың денсаулығын бақылап, жеке ерекшеліктерін ескеру болып табылады.
Балабақшада тамақтану күніне 3 рет ұйымдастырылады: таңғы ас, түскі ас және бесін ас. Ас ішу аралығы 3,5–4 сағат болуы қажет. Мәзір балалардың жас ерекшелігіне қарай жеке жоспарланады. Тағам рационы теңгерімді болуы тиіс, яғни: Ақуыз – ет, балық, жұмыртқа, сүт өнімдерінен; Май – өсімдік және жануар майларынан; Көмірсулар – жарма, нан, көкөніс, жемістерден; Дәрумендер мен минералдар – жаңа піскен көкөніс пен жемістерден қамтамасыз етіледі.
10 күндік ас мәзірі маусымдық мерзімге қарай жасалады. Мәзірде тағам түрлері әртүрлі болып, бір тағам 2–3 күннен жиі қайталанбауы тиіс. Балалар тамақтануын ұйымдастырушылар, баланың үйде пайдалы тамақтануымен үйлесімін табуы керек. Үйдегі тамақтанудың, балабақшаның тамақтану үлесін толықтырып отыруына қол жеткізуі керек. Осы мақсатта, ата-аналар балаларының балабақшадағы күнделікті ас мәзірінен хабардар болып отырады. Балаңызды балабақшаға апарар кезде, тамақтану тәртібі мен тәбетін бұзбау үшін, үйде тамақтандырмауға кеңес береміз.
Тағам сапасы мен балалардың тамақ ішуін, ас блогының санитарлық жағдайын тексеру бойынша күнделікті бақылау жүргізілуі тиіс.
Қорыта айтқанда, мектепке дейінгі ұйымдардағы тамақтану жүйесі – балалардың денсаулығы мен толыққанды дамуының негізі. Дұрыс ұйымдастырылған және үнемі бақылауда болатын тамақтану баланың иммунитетін күшейтіп, оқу және ойын әрекеттерінде белсенді болуына ықпал етеді. Сондықтан әрбір педагог пен медициналық қызметкер балалардың тамақтану сапасына ерекше жауапкершілікпен қарап, санитарлық нормаларды қатаң сақтауы қажет.
Аблаева Гульнара Алимовна,
Жетісай ауданының білім бөлімінің
«Мерей» бөбекжай бақшасының меңгерушісі.
