Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту – баланың тұлғалық, әлеуметтік және танымдық дамуының іргетасы. Сондықтан ерте жастағы балалардың сапалы білім мен тәрбиеге қолжетімділігін кеңейту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.

Бүгінде мектепке дейінгі тәрбиенің жаңа моделі әзірленіп, 1 жастан бастап мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі кезеңдегі баланың даму ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырылуда. Алайда әртүрлі себептерге байланысты барлық бала балабақшаға бара бермейді. Осындай жағдайда консультациялық пункттердің қызметі ерекше маңызға ие.
Консультациялық пункттер – балабақшаға бармайтын балалар мен олардың ата-аналарына әдістемелік, педагогикалық және психологиялық қолдау көрсететін тиімді балама нысан. Бұл пункттер әсіресе көп балалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар үшін қолжетімді орта қалыптастырады. Мұнда мамандар ата-аналарға баланың жас ерекшелігіне сай даму кезеңдері, үй жағдайында дамыту жолдары, ерте әлеуметтендіру мәселелері бойынша кеңес береді.
Мұндай қызметтің негізгі мақсаты –
әр баланың сапалы білім мен тәрбие алуға құқығын қамтамасыз ету;
баланың балабақша жағдайына сәтті бейімделуіне көмек беру;
ерте жастан дамуға жағдай жасау;
ата-аналардың педагогикалық құзыреттілігін арттыру.
Консультациялық пункттер желісін кеңейту – мектепке дейінгі ұйымдардың қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамның әрбір мүшесіне тең мүмкіндік берудің тиімді тетігі. Бұл жұмыс балалардың уақытылы дамуына, ата-аналардың қолдау алуына және отбасы мен балабақша арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Алия КУРЕГЕНОВА,
«Әсел» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі.
